Астананың 20 жылдығы аясында бақытты отбасылар марапатталды

Байқау Астана бойынша өткізілсе де, оған еліміздің өзге өңірлерінен қатысушылар көп болған.

Отбасы байқауы
Фото: Вaribar.kz

Астананың тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы ұйымдастырған “Бақытты отбасы формуласы” қалалық эссе байқауының жеңімпаздарын марапаттау рәсімі өтті.

“Бақытты отбасы формуласы” атты эссе байқауы Отбасы күні мекересіне орай 6-15 қыркүйек аралығында жарияланған болатын.

Мақсаты:

  • Қазақстан қоғамындағы отбасы институтын дамытудың кешенді шараларын белгілеп, отбасы құндылығын арттыру, сол арқылы жастардың сана-сезіміне әсер ету;
  • Ұлына батырлар жырын жаттатқызып, қызына кесте тігуді үйреткен ата-аналарды бүгінгі қоғамға үлгі ету;
  • Елбасы Н.Назарбаевтың “Қазақстан-2050” стратегиясында айтылған міндеттерді орындап, “Рухани жаңғыру” идеясы аясында өнегелі әулеттердің дәстүрін насихаттау;
  • Астананың 20 жылдық мерейтойына орай Астанада шаңырақ көтеріп, өсіп-өнген жанұялардың табысты жолын дәріптеу;
  • Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру саясатына қолдау көрсету;
  • Жастар арасында кітап оқу дәстүрін жандандыру.

Астананың 20 жылдығы аясында мемлекеттік тіл мәртебесін кеңейтуге бақытталған бұл байқауға 26 отбасы қатысып, оның ішінде 5 отбасы түрлі номинация бойынша жеңімпаз атанды.

Қазылар алқасының мүшесі Алмас Әбдірахмановтың айтуынша, байқау Астана  бойынша жарияланған болатын. Алайда Қазақстанның басқа да өңірлерінен бақытты отбасы болудың формуласын жазғандардың саны көп болған.

Демек, бұл – байқау республикалық сипат алды деген сөз. Сонау Батыс Қазақстан облысынан, Атыраудан, Семейден, Зайсаннан келген еңбектер де болды. Сондықтан да бұл байқау әрі қарай жалғаса берсе, жалпы елімізде бақытты отбасын насихаттауда жасалып жатқан үлкен еңбек деп санаймын. Шынын айту керек, бақытты отбасының формуласы әркімде әрқалай. Осы еңбектерде оны әркім өзінше түсіндіруге тырысқан, – дейді ол.

Фото: Вaribar.kz
Фото: Вaribar.kz

Байқауға қатысушыларды марапаттау үшін сахнаға шыққан конкурстың бас ұйымдастырушысы Астана тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Тілеуғали Қышқашбаев астаналықтарды Отбасы күні мерекесімен құттықтады.

Біздің болашағымыз да, біздің бақытымыз да үлкен отбасыларға байланысты. Әрбір отбасы көпбалалы болса, ол семья өздері қызмет істеп, сол балаларды әдет-ғұрыпқа, ана тіліне, мәдени құндылықтарға тәрбиелесе, біздің мемлекетіміз дүниежүзіндегі ең керемет мемлекеттердің бірі болады. Сондықтан да әрбір кішкентай семья ол үлкен мемлекет деп есептеледі. Баяғыда өзіміздің ата-балаларымыз осы біздерді, үлкен аталарымызды ең жақсы қасиеттерді бойына сіңіре отырып тәрбиелеген, бақытты ерлі-зайыпты адамдар өздерінің балаларын осындай патриоттық тәрбиеге тәрбиелейтін, сондай кереметтей тәрбиеде өскен бала елін сүйетін, жерін сүйетін азаматтар мен азаматшалар болып өсетін. Қазіргі уақытта да ажырасу аз болса, бақытты отбасылар көп болса, біздің мемлекетіміздің тұғыры биік, мықты болар еді деп ойлаймыз. Сондықтан да біздің осындай мерекеміз, осындай жобамыз осы ата-аналарға арналып отыр. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев айтқандай, “әрбір жанұя өзара мемлекеттік тілде сөйлессе, әдет-ғұрпын ұмытпаса, осының барлығын реттеп жүрсе, осы – біздің ең басты құндылығымыз”. Бүгін осы залда жиналған барша осындай бақытты отбасыларды шын жүректен құттықтаймыз. Еліміздің көкбайрағы биіктен, бүкіл дүниежүзіне көріне берсін! Биыл, міне, Астананың 20 жылдығын барлық мекеме атап өтіп жатырмыз. Астана 20 жыл бұрын қандай еді? Бүгін қандай? Осының барлығы – ортақ еңбек! Елімізде бақытты отбасылар көбейе берсін!” – деді Тілеуғали Қышқашбаев.

Фото: Вaribar.kz
Фото: Вaribar.kz

“Балам – болашағым” аталымы

“Балам – болашағым” аталымы бойынша бүгінгі жаһандану заманында салауатты өмір-салтын ұстанып, ұлтын сүйетін бәсекеге қабілетті, әрі саналы ұрпақ тәрбиелеуді қолға алып отырған Баяхметовтер отбасы марапатталды.

Шаңырақтың тірегі Мақсат пен жанұяның берекесі Сәулет балаларының болашағын ойлап, 2011 жылы жасыл желек Өскеменнен Астанаға қоныс аударған. Бүгінде ұл мен төрт қызды тәрбиелеп отырған бақытты отбасы.

Біз отбасымызбен 2011 жылы Астанаға қызмет бабымен ауысып келдік. 5 баламыз бар. Қазіргі уақытта осылардың тәрбиесімен айналысудамыз. Жаһандану заманында бәсекеге қабілетті, дені сау, білімді болсын деген оймен Астананың әртүрлі үйірмесіне, спорттық мектептеріне беріп отырмыз. Үкілеп отырған үмітім Аяулым Назарбаев зияткерлік мектебінде 12-сыныпта оқиды. Еркежан мен Ақбота №1 экономикалық мектеп-лицейдің 4 және 2-сыныптарында оқиды. Олар жүзумен айналысады, спорттық бал биімен айналысады. Өміріміздің мәні мен сәні болып отырған балаларымыз болашақта тәрбиелі, білімді, еліміздің туын көкке көтеретін ел азаматтары болса екен дейміз, – дейді Сәулет Айтқалиева.

Фото: Вaribar.kz
Фото: Вaribar.kz

“Біздің отбасылық дәстүр” аталымы

“Біздің отбасылық дәстүр” аталымы бойынша қазаққа тән бауырмалдық қасиетін бойына сіңіре білген, тек өзінің емес, ағайын-туыс, тіпті, ағайын-жұрағаттың балаларына қамқорлық танытып, бауырына басқан Сәрсенбаевтер отбасы марапатталды.

Менің эссеме көңіл бөліп, назар аударғандарыңызға көп-көп рахмет! “Отбасы – ұлттың тірегі”, “Отан отбасынан басталады” деген асыл сөздерге жүрегімнен шыққан “Отан – өрісің, отбасы – тынысың” деген жолдарды қосар едім, – деді отбасының мүшесі, Астанадағы №48 мектептің мұғалімі Салтанат Сәрсенбаева.

“Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің” аталымы

Фото: Вaribar.kz
Фото: Вaribar.kz

“Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің” аталымы бойынша бүгінде қыз бен ұлдарының ұядағы тәрбиесіне асқан ықыласпен көңіл аударып, заман көшінен қалдырмай отырған Талғат Рифқашұлының шаңырағы марапатталды.

Ең бастысы, мен өз отбасыма алғыс білдіргім келеді. Асқар таудай әкем бар, алтындай анам бар. Жақсы, бақытты өмірім үшін мен осы жандарға рахметімді айтқым келеді. Сонымен қатар мені әрқашан қолдайтын, қуанышымен бөлісетін менің туған-туыстарым, жақындарым әрқашан да менімен бірге. Сондықтан рахмет сіздерге. Мен  барлықтарыңызды жақсы көремін, – деді отбасы мүшесі Әдинай Талғатқызы.

“Халық ауыз әдебиетінің бала тәрбиесіндегі ролі” аталымы

Фото: Вaribar.kz
Фото: Вaribar.kz

“Халық ауыз әдебиетінің бала тәрбиесіндегі ролі” аталымы бойынша алты немерені тәрбиелеп отырған Сәрсенбаевтар отбасы марапатталды.

Биыл отбасының тірегі Асылхан Сәрсенбаев пен үйдің ұйытқысы Жұпаргүл Сәрсенбаеваның отау құрғанына 30 жыл толып отыр екен. Бүгін де ұлын ұяға, қызын қияға қондырған ата мен әже немерелері дүниеге келгеннен бастап оларды үнемі әлпештеп, ерекелетіп, ерекше қамқорлықтарына бөлеген.

“Отбасы – кішігірім мемлекет” дейді. Сол мемлекетіміз үлкейіп жатыр. Алты немереміз бар. Бақытты отбасымыз деп есептейміз өзімізді. Немерелерімізді тәрбиелеп, өсиет айтып, оларға ән айтқызып сурет салғызып, таза ауада серуеңдетіп, кешкілік ұйықтар алдында ертегілерімізді айтып отырамыз. Біз бақытты отбасымыз, – дейді Жұпаргүл Серсенбаева.

“Отбасы құндылықтары” аталымы

Фото: Вaribar.kz
Фото: Вaribar.kz

“Отбасы құндылықтары” аталымы бойынша 1999 жылы киелі Тараз жерінен ерке Есіл бойындағы Астанаға қоныс аударып, алдарынан шыққан қиындықтарға төтеп бере алған Тәуіржановтар отбасы марапатталды.

Қарындасым Ақерке осы эссені жазып, байқауға қатыстырғалы жатқанын білгенде әуелі отбасымызбен дастархан басында жиналып талқыладық. Оқығанда, шыны керек, бәріміз жыладық. “Бізді осы күнге жеткізген ата-анамызға мың алғыс. Жұмақтың кілті ата-ананың табанында” дейді. “Ата-анасы бар адамдар қартаймайды” дейді. Жүз жасайық. Қазақстанда осындай мерейлі отбасылар көп болса, біздің туымыз қашан да биікте желбірей береді, – дейді Қуаныш Тәуіржанов.

Еске сала кетейік, Отбасы күні мерекесі 2013 жылы Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың “Қазақстан Республикасындағы кәсіптік және өзге де мерекелер туралы” заңға өзгертулер енгізу жөніндегі жарлығына сәйкес, қыркүйек айының екінші жексенбісі күні мерекеленетін болып бекітілген еді. Мереке 2013 жылдың 8 қыркүйегінде тұңғыш рет аталып өтті.

Біздің Telegram-каналымызға жазылыңыз!