Басты бетТанымСадақ қалай жасалған?

Садақ қалай жасалған?

Садақ жебе атуға арналған қол қаруы. Садақты дүниежүзі халқы мезолит дәуірінен ХХ ғасырға дейін пайдаланып келді. Ертеде аңшылыққа керек қару уақыт өте келе соғыста қолданылды. Бұл — сол заманда қашықтықтан дәл көздейтін қару түрі.

Садақшылар жорықта алғы шепте тұрып, қарсыластың төбесінен оқ жаудыратын болған. Осыған байланысты аңыздарда садақ жебесі нағыз ажал жебесіне теңелгені айтылады. Қарапайым садақты тобылғы, үйеңкі сияқты ағаштан доғаша иіп, екі ұшын қайыспен керіп жасайды. Қазақ осы екі аралықты қосып тұрған қайыс сияқты басқа да мықты таспаны «адырна» деп атаған. Мұндай жолмен жасалған садақтарды «жай садақ» деп атаған.

Ал күрделі садақ сыртына малдың, көбіне жылқының артқы аяғындағы сіңірін тартып, ішкі жағы мүйізбен қапталады. Кейде ортасы мен екі шетіне сүйек бастырма қағылады. Мұны «құрама садақ» деп атайды. Садақтың күрделі түрін сақтар, кейін ғұндар мен Орталық Азия халықтары көп қолданған.

Садақтың тек сәндік үшін жасалған түрлері де болды. Алайда олар жаугершілік заманда көп қолданылған жоқ. Қазақтар садақты одан әрі жетілдіріп, ерекше деңгейге жеткізді. Осылай, көздеген жерге дөп тигізу үшін жебенің соңына қауырсын қадап, ұшын түрлі қатты металдан, сүйектен жасаған. Ауыз әдебиетінде бұл қарудың «қайың садақ», «қарағай садақ», «үйеңкі садақ» деген атаулары кездеседі. Қайың қабығымен қапталған, оның сарғайған түсіне байланысты «сарыжа», «сарсадақ» деген атаулары да бар.

Садақтың тұрқына қарай көлемі де әртүрлі болады. Оның «бала садақ» деген түрі бар. Садақтың бұл түрі ер баланы жаугершілікке, аңшылыққа баулу үшін жасалған. Жауынгерлер үшін де «бала садақты» алып жүру ыңғайлы болды. Сондықтан кішкентай садақтар ұрыс кезінде де көп қолданылған.

СОҢҒЫ ЖАЗБАЛАР