«Бұл — олардың таңдауы»

4 ақпанға қараған түні Астананың Сарыарқа ауданындағы «Көктал-1» ықшамауданында шағын үй өртенген еді. Өрт салдарынан 2006, 2009, 2014, 2016, 2018 жылдары туған бір үйдің бес баласы қайтыс болды. Балалардың ата-анасы сол кезде жұмыста болған. Бұл оқиға қоғамда үлкен резонанс тудырды. Көпшілік көпбалалы отбасыларға төленетін жәрдемақы мен баспана жағдайын қозғады. Осы мәселеге қатысты ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің орынбасары Светлана Жақыпова журналистердің сұрақтарына жауап берді.

Журналистің «Ата-ана неге түнде жұмыс істеуге мәжбүр болған?» деген сұрағына вице-министр «Бұл — олардың таңдауы» («Это их выбор»), — деп жауап берді.

Вице-министрдің дәл осы жауабы әлеуметтік желілер мен БАҚ-та қызу талқыланды. Бірақ Светлана Жақыпованың өзі де, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова да бұл жауапқа қатысты ешқандай пікір білдірген жоқ.

«Зейнетақым кешегі гараж жұмысшысынікіндей»

Депутат Бірғаным Әйтімова журналистерге Сенаттағы отырыс кулуарында өзінің зейнетақысы туралы айтты. Ол көп лауазымда болғанына қарамастан не себепті қарапайым азаматтармен бірдей зейнетақы алатынына таңғалды.

Қаншама лауазымда болсам да, зейнетақымның мемлекеттік қызметте ешқашан жұмыс істемеген достарымдікімен бірдей болуы таңғалдырады. Мен зейнеткермін, зейнетақым кешегі гараж жұмысшысынікіндей («Удивительно, пенсия у меня такая же, как у моих друзей, которые ни дня не работали на государственной службе, и независимо от того, какие немалые должности я занимала… Я пенсионер, и у меня пенсия как у вчерашнего работника гаража, который гаражом владел»), — деді Бірғаным Әйтімова.

Депутаттың айтуынша, оның зейнетақысының көлемі — 100 мың теңгеден сәл жоғары.

Депутаттың қоғамда пікірталас тудырған мәлімдемесі бұл ғана емес. Бірғаным Әйтімованың «Болашақ» бағдарламасының ІІІ халықаралық конференциясында айтқан «түсініксіз» ойы да Қазнетте көпке дейін талқыланды. Кейін оның бұл сөздері Украинадағы «Квартал-95 студиясының» «Чисто News» бағдарламасындағы жүргізушілердің әжуасына айналды.

Сенатордың депутаттарды сынайтын адамдарға қатысты айтқан пікірі де әлеуметтік желіде біразға  дейін талқыланды.

Депутаттарды сынағанды жақсы көресіздер ғой, онда бір сауал қояйын: Оларды кім сайлайды, сайлаушылар емес пе? Сенаторларды мәслихат арқылы сайладыңыздар. Міне, солай, талап етіңіздер. Қызметке лайық адамдарды таңдаңыздар. Менің ойымша, халық лайық депутаттарды сайлаған», — деді Бірғаным Әйтімова.

«Дәл осындай жетістікпен ол өз үйінде де қайтыс болуы мүмкін еді»

2017 жылы 16 қаңтарда Алматыдағы халыққа қызмет көрсету орталығында 1964 жылы туған азамат қайтыс болды. Ол тұрғылықты мекенжайы бойынша орталыққа тіркелуге келген. Осы жағдайға қатысты Мәжіліс депутаты Аманжан Жамалов журналистердің сұрағына жауап берді.

ХҚКО-дағы адам өлімі Қазақстанда уақытша тіркеу жүргізіліп жатқандықтан деп ойлайсыздар ма?! Адам қайтыс болыпты, білмеймін, дәл осындай жетістікпен ол өз үйінде де қайтыс болуы мүмкін еді. Бұл сұрақ бойынша жедел жәрдем қызметкерлеріне хабарласыңыздар. Мен өзімді кінәлімін деп есептемеймін. Біз көптеген заң қабылдаймыз және аталған заңды жүзеге асыру үшін шара қолданылуы керек, — деді Аманжан Жамалов.

Депутаттың «жетістік» деген сөзіне қатысты әлеуметтік желілерде көп сын айтылды. Кейін қайтыс болған азаматтың туыстары мен жақындарына Аманжан Жамалов көңіл айтып, халықтан күтпеген сұраққа жауап бергенде қате сөз айтқаны үшін кешірім сұрады. Ол өзіне ХҚКО-дағы адам өлімі мен уақытша тіркеу туралы норманы байланыстыру қиын болғанын айтты.

Менің жалғыз қателігім — дұрыс сөзді қолданбағаным. «Успех» сөзін «жетістікке жету» деген мағынада айтқан жоқпын ғой. Адам өлімін жетістік деп айтуға болмайтыны түсінікті. Есі дұрыс адамға бұл сөзді оқыған кезде барлығы түсінікті болады. Менің айтқым келгені — өліп кету мүмкіндігі барлық жерде бірдей. Мұндай жағдайда адамның басқа қоғамдық орында қайтыс болуы да мүмкін («Единственная моя ошибка в том, что я употребил не то слово. Я же не в том смысле употребил слово «успех», что это достижение. Ясно, что смерть людей невозможно назвать успехом. Нормальному человеку, который это прочтет, ему будет понятно, что я имел в виду. Я хотел сказать, что вероятность смерти человека — она везде одинакова. С такой вероятностью человек мог умереть в другом общественном месте»), — деді Аманжан Жамалов.

«Елбасыны сүйемін. Мен Президентпен көзімді аштым»

2017 жылы 3 наурызда Мәжіліс депутаты Бақытгүл Хаменова тұңғыш Президенттің баға жетпес ролін Конститутцияда көрсету қажет деп мәлімдеді.

Конституциялық реформаның жобасын бүкілхалықтық талқылау барысында сайлаушыларымыз Тұңғыш Президенттің есімін Астанаға, қаладағы халықаралық әуежайға, тағы да басқа нысандар мен кәсіпорындарға беру туралы ұсыныстар айтты, — деді Бақытгүл Хаменова.

Бақытгүл Хаменованың мәлімдесі де әлеуметтік желілерде көпке дейін талқыланды. Депутаттың бұл сөзін желі қолданылушылары жағымпаздану деп түсінді. Кейін Бақытгүл Хаменова сол сынға қатысты түсінік берді.

Мен Елбасыны сүйемін. Мен Президентпен көзімді аштым. Тәуелсіз Қазақстанның ұрпағымын. Президентке жүректен шыққан сөзімді неге айта алмаймын? Әркімнің өз пікірі бар, ешкімге өзгеше ойлауға тыйым сала алмаймыз. Әрине, өңірлерде шешілмеген мәселелер бар деп жатыр. Халық наразы, бірақ мұның барлығына да Президенттің кінәсі деуге болмайды ғой. Депутаттар да кінәлі. Әр өңірдің өз басшысы бар. Осыған жауапты адамдар бар. Әкімі бар («Я люблю Елбасы. Я открыла глаза с Президентом. Я — поколение независимого Казахстана. Почему я не могу сказать такие слова Президенту от чистого сердца? У каждого свое мнение, и мы никому не можем запретить думать иначе. Конечно, говорят, что в регионах есть нерешенные вопросы. Народ возмущается, но это не вина Президента. Депутаты тоже не во всем виноваты. У каждого региона есть свой руководитель. Есть люди, ответственные за это. Есть акимы»), — деді Бақытгүл Хаменова.

“Баспананы дәретхана мен асүйсіз салу керек”

2017 жылы сәуірде Парламент Мәжілісінің депутаты Азат Перуашев халықтың барлық тобын тұрғын үймен мейлінше көп қамтудың жолдарын айтты.

Ақпарат құралдары оның «Баспана салғанда жеке-жеке санитарлық тораптар мен асүйлерден бас тарту тұрғын үй шаршы метрлерінің бағасын төмендетуге ықпал етеді» деген мәлімдемесін таратты. Әлеуметтік желіде көпшілік Азат Перуашевтің сөзін дәретханасы мен асүйі ортақ «коммуналка» салу деп түсініп, оны біраз келеке етті.

Кейін депутат «Баспананы дәретхана мен асүйсіз салу керек» деген ұсыныс айтпадым»,  — деп түсінік берді.