Премьер-министр Бақытжан Сағынтаевтың қызы немен айналысады?

Меруерт Ибрагим — Сағынтаевтың үлкен қызы, 29 жаста. Buro24/7.kz қазақстандық сән порталының негізін салушы.

Ол мектеп бітіргеннен кейін, Лондонда халықаралық бизнес мамандығын оқыған. (Кейінірек бұл жерде Сағынтаевтың кіші қызы Надира Арапова да білім алды).

Меруерт Ибрагим
tatler.ru

Меруерттің жары – Бақыт Ибрагим – «Әулие-Ата» университетінің Шымкенттегі филиалын бітірген. Қазіргі таңда Qazaq банкінің акционері. Екеуі 2008 жылы шаңырақ көтерген. «Трибуна. Қазақстан коммунисті» басылымының мәліметінше, Rixos және Radisson қонақ үйлерінде өткен той 1 миллион долларға жасалған. Қалыңдық тойда тағатын әшекейлері мен туфлиін арнайы тапсырыспен жасатқан. Айта кетейік, бұл Бақыт Ибрагимнің екінші некесі.

Buro24/7 порталын ашу туралы франшизаны Меруерт Ибрагим өзінің құрбысы Мирослава Думадан сатып алған. Dixinews.kz сайтының жазуынша, порталдың франшизасы мен ашылу салтанаты 2 миллион долларды құраған.

Меруерттің Vogue порталына берген сұхбатында айтуынша, сән саласы оның қызығушылығы ғана емес.

«Мен әлемге Алматының әдемі қала екенін, бұл жерде небір талантты дизайнерлер тұратынын, тұрғындарының сәнді киінетінін көрсеткім келеді. Бұл мен үшін патриоттық жоба».

Меруерт Лондоннан еліміздегі сән әлемін дамыту үшін оралған. Өзінің айтуынша, оның сәнге деген қызығушылығын оятқан анасы екен. Ол қызына кішкентай кезінен бастап сәнді киінуге үйреткен.

«Біздің қыздар ересек әйелдер сияқты киінеді. Мен соны түсінбеймін. Жас болған соң, саған бәрі жарасады ғой, небір тәжірибе жасап көруге болады», — деді сәнгер Elle-ге берген сұхбатында.

Ешбір fashion-шараларын қалт жібермейтін ол мүмкіндігінше әлемнің барлық қалаларында болып, киім үлгілерімен танысуға тырысады.

«Әр қалада әртүрлі киінгім келеді. Алматыда қарапайым киінемін, себебі күн сайын жұмысқа бару керек. Алайда, айналамдағылардың назарын аударатындай киінген ұнайды» — Меруерт Ибрагимова.

Қазіргі таңда америкалық Vogue порталы Меруертті сән иконасы деп жариялап, street-style бөлімінде оның суреттерін жиі жариялап тұрады.