Қасым-Жомарт Тоқаев жастардың бизнеске неге қызықпай отырғанын айтты

Қазақстан жастарының жартысынан астамы бизнеспен айналысуды ойламайды. Бүгін Жастар жылын өткізу аясында тұрған мақсаттарға арналған дөңгелек үстел отырысында Парламент Сенатының төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев осылай деп мәлімдеді.

Мемлекет басшысының бастамасымен жасалған жаңа ауқымды жобалар жастар саясатындағы жүйелі өзгерістерді қамтиды. Бұл тұста білім берудің сапасы мен қолжетімділігін арттыру, тұрғын үймен қамтамасыз ету, жұмысқа орналастыру, жастардың арасындағы кәсіпкерлікті ынталандыру, олардың денсаулығын нығайту, жас ұрпақ үшін тиімді жұмыс істейтін әлеуметтік сатыларды іске қосу туралы сөз болып отыр. Жастарды жұмыспен қамту мәселесіне айрықша назар аударылады. Әлеуметтік зерттеулердің нәтижелері бойынша еліміздегі жастардың 40%-ға жуығы тұрақты түрде жұмысқа орналасу проблемасын бастан өткізеді екен. Алайда қазіргі уақытта жастар арасындағы жұмыссыздық барлық әлемде өткір мәселеге айналып отыр. Соңғы деректер бойынша жастардың жұмыссыздық деңгейі 13% болды, ал кейбір елдерде 40%-ға  жетеді. БҰҰ  деректері бойынша әлемдегі әрбір бесінші жас оқымайды және жұмыс істемейді, — деді Сенат төрағасы.

Қасым-Жомарт Тоқаев жастардың жұмыссыздығын жоюдың басты мүмкіндіктерін шағын және орта бизнес саласынан табуға болатынын айтты.

Жастарымыздың бойында кәсіпкерлік бастамаларды іске асыра білу қабілетін тәрбиелеу қажет. Қазақстанмен салыстырғанда экономикалық жағдайы анағұрлым қиын жағдайдағы көрші мемлекеттердің жастарының қаншалықты икемді, іскер екені, өз шағын бизнесін жүргізуге бейімделгені байқалып отыр. Бұл елдерде жастар жаңа мамандықтарды игерген, өз туыстары мен мемлекетіне қолдау көрсету мақсатында өздігінен жұмыс тауып, шетелдерде де жұмыс істеп жүр, — деді Сенат төрағасы.

Оның айтуынша, кәсіпкерлік саласы Қазақстан жастарын әлі де қызықтырмай отыр.

Әлеуметтік сауалнама деректері бойынша сұралған жастардың 51%-ы бизнеспен айналысу туралы ойламайды. Бұл проблемаға басқа жағынан қараған дұрыс. Біз бизнеспен айналысу үшін өзіміз тиісті жағдай жасамай отырған болуымыз мүмкін, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

ДереккөзInform.kz