Блогер Жұлдыз Ақболаттың пікірінше, жақыныңызға сыйлықты оның хоббиіне қарай таңдаған тиімді.

Отбасының ең маңызды адамына сыйлық дұрыс таңдалуы керек. Әсіресе, оның мамандығын, жұмыс орнын, жеке қызығушылығын ескеріңіз, — дейді блогер.

Әкеңіз кәсіпкер болса

«Бизнеспен айналысатын ер адамға таза былғарыдан жасалған әмиян, есімі жазылған құжатсалғыш,  портфолио сөмке, сағат, бренд қаламсап алуға болады. Мұның бәрі арзан тұрмайды. Таңдаған кезде сапасына, түпнұсқа екеніне, түсінің классикаға сай келуіне мән беріңіз»,- дейді блогер.

Білім-ғылым өкілі болса

Шәкірт оқытатын кез келген адамға көзілдірік қажет. Сонымен қатар мұғалімдерге үлкен сөмке, фотожақтау, кітап, қойындәптер әрдайым керек болады.

Қаражатыңыз жетіп тұрса, әкеңізге ноутбук сыйлаған дұрыс деп есептеймін. Цифрландыру заманында мұғалімдер дәптер-қаламнан гөрі компьютермен көп жұмыс істейді. Ноутбук өте пайдалы сыйлық болар еді, — дейді Жұлдыз Ақболат.

Аңға, саяхатқа, тауға шығуды ұнатса

Тауға жиі шығып тұру үшін көп заттың керегі жоқ. Тек тауға арналған киім мен сүйенетін таяқшалар, қалпақ пен қолғап, аяқкиім болса жеткілікті. Тауға шығып, таза ауада демалғысы келетіндер үшін ылғал өткізбейтін төсеніш пен термос артық болмайды. Сонымен қатар мұндай заттарды кез келген сауда орындарынан таба аласыз. Егер әкеңіз балыққа шыққанды ұнатса, оған ау, қармақ, мултитуль, ал аңға шығатын болса, компас, дүрбі, басқа да осы тәрізді керек құрал-сайман алуға болады.

Сыйлықтар боксы

Қазір көпшілік жиынтықталған сыйлықтарды жиі сатып алады. Қораптың ішіне термокесе, шұлық, құлаққап, үрмелі жастық, кітап, қолшам сияқты заттар салынады. Мұндай боксты өзіңіз де дайындай аласыз.

Сіз жасаған сыйлық әкеңізге міндетті түрде ұнайды әрі осы арқылы қаражатты үнемдеуге болады, — дейді Жұлдыз Ақболат.

Сертификат

Жұлдыз Ақболаттың айтуынша, фитнес, теннис, жүзу және басқа да спорт түрлері секцияларына берілетін сертификат — қазіргі кездегі ең тиімді сыйлық. Оны бір не бірнеше айға алсаңыз, әкеңіздің денсаулығы мен ширақтығы үшін алаң болмайсыз. Спа салондарына, моншаға да бірнеше реттік абонементті қолжетімді бағамен онлайн сатып алуға болады.

Спорт, аңшылық дүкендерінен белгілі бір сомадағы карточканы алып, әкеңізге сыйлаңыз. Өзіне қажеттісін ол өзі таңдап алады. Сонымен қатар күніне қанша қадам жүргенін есептеп отыратын білезіктер аса қымбат емес, — дейді пікірлесіміз.

Парашютпен секіру сертификаты адреналиншіл әкелер үшін бағалы әрі ерекше есте қалады. Әкеңіз тағам дайындаудың шебері болса, барбекю, гриль мен кәуап дайындауға арналған құрылғылар, интеллектуал ойындарды ұнатса, шахмат, тоғызқұмалақ, «Монополия» сияқты үстел ойындарын сыйлауға болады.

Бастысы – әкеңіздің неге әуес екенін білу. Сонда оған сыйлық таңдаудан еш қиналмайсыз, — дейді сарапшымыз.