Контактілі линзаны дәрігердің тексерісінен кейін ғана қолданған дұрыс. Себебі кей адамның линзаға аллергиясы болуы мүмкін. Аллергия болмаған күннің өзінде, линзаның оймақталу ерекшелігін ескеру қажет. Ол B, C деп белгіленеді. Әр адамның көз алмасының доғасы да әртүрлі. Сондықтан көздің ерекшелігін, диаметрін білу үшін бірінші диагностикалық тексерістен өту керек.

Линзаның қандай түрлері бар?

  • түрлі-түсті;
  • түссіз.

Материалы бойынша:

1) Силикон-гидрогель;

2) Гидрогель;

3) Қатты линза.

Бұрын контактілі линза шыныдан жасалатын. Одан көзге ауа өтпейді, демалмайды. Линза неғұрлым көзге ауаны жақсы өткізсе, соғұрлым киюге ыңғайлы болады.

Ұйықтағанда киетін линзаның пайдасы

Соңғы кезде қатты линза дамып келеді. Мұндай линзаны адам ұйықтарда киіп, оянғанда шешуі керек. Бұл көздің жақсы көруіне әсер етеді. Линза қатты болғандықтан және көздің қасаң қабығы қысылғандықтан миопия, астигматизм басылып қалады. Содан көздің көру қабілеті жақсарады.

Қатты линзаны дәрігердің қадағалауымен ғана тағу керек. Ол біркүндік эффект береді. Қазіргі кезде қатты линза арқылы кератоконус ауруын да емдеуге болады.

Линзаның пайдалану мерзіміне байланысты түрлері

1) Күндізгі. Мұндай линзаны таңертең кисе, кешке шешу керек. 8 сағаттан артық уақыт көзде ұстауға болмайды. Ол көбіне гидрогель материалдан жасалады. Гидрогель линзамен адам ұйықтап қалса, көзге жабысып, қызартып жібереді. Сосын оны шешу қиынға соғады.

2) Ұзақ мерзімді. Бұл линзаны бір апта бойы шешпей, сонымен ұйықтап, жүре беруге болады. Ол силикон-гидрогель материалдан жасалады.

3) Икемді. Бұл линзаны 1, 2 немесе 3 күн тағып, шешіп отыру керек. Икемді линзалар да силикон-гидрогель материалдан жасалады.

4) Дизайны бойынша линзаның мультфакал немесе прогрессив деген де түрі бар. Оның ерекшелігі – екі диоптр күші бар, яғни бұл линза арқылы алысты да, жақынды да көруге болады.

Линза таққысы келетіндерге кеңес

Контактілі линзаның мерзімі неғұрлым ұзақ болса, соғұрлым инфекция түсу қаупі бар. Оны арнайы ерітіндімен тазалап отыру керек. Ең қауіпсізі, әрі ыңғайлысы – біркүндік линза. Оған ерітіндінің де қажеті жоқ.

Қысқа мерзімді линзаның бағасы ұзақ мерзімдіге қарағанда қымбатырақ.

Көзілдірік қауіпсіз болғанымен кей шеткі аумақ дұрыс көрінбейді. Ол үшін мойынды бұру керек болады. Ал линза көздің бұлшық еттерінің жұмыс істеуіне пайдалы. Оптометрист Мадияр Қанатұлының айтуынша, “линза көздің ішіне кіріп кетеді, көзді одан сайын нашарлатады” деген мифке сенбеу керек. Ол тек дұрыс күтінбеген кезде зиян болуы мүмкін, яғни бәрі адамның өзіне байланысты.

Біздің Telegram-каналымызға жазылыңыз!