Заманауи гаджеттерге деген сұраныс көбейген сайын көру қабілеті нашарлаған адамдардың да саны өсуде. Ал спортпен айналысатын және сәнді киінгісі келетіндер үшін көзәйнек тағу ұтымды тәсіл емес. Мұндай жағдайда контактілі линзалар көмекке келеді. Алайда, көзге арналған линзаны қолдану аса ұқыптылықты талап етеді.

Қазір жастар арасында көру қабілеті жақсы болса да, көзінің түсін өзгерту үшін немесе сән үшін линза тағатындар да бар. Адамдар арасында линза тағудың зиян екені жиі айтылады. Алайда, мамандардың айтуына қарағанда, жанасу линзасы көзге ешқандай да зиян келтірмейді, көздің көру қабілетін төмендетпейді.

Бірақ жұмысыңыздың ерекшелігіне қарай, профилактикалық шаралар қолданған дұрыс. Егер де компьютермен ұзақ жұмыс істейтін болсаңыз, әр 40 минутта көзді демалдырғаныңыз жөн және көздің қарашығын оңға-солға, жоғары-төмен қозғап, көзге массаж жасаған, қажет болған жағдайда көзге тамызатын арнайы тамшыларды тамызған абзал.

Ең бастысы – тазалық. Тазалықты сақтамаған жағдайда көзге инфекция түсуі немесе көзде аллергия пайда болуы мүмкін. Сондықтан линзаны шешіп алған кезде арнайы контейнердегі сұйықтыққа салып отыру және уақытымен контейнердегі сұйықтықты ауыстырып отыру қажет.

Жанасу линзасын көзге салар кезде қолды иіс сабынмен жуу шарт. Алайда линзаны ұзақ қолдану нәтижесінде көзіңіз қызарып немесе қышып қоймаса, дәрігердің кеңесіне жүгінгеніңіз дұрыс.

Елдос Балтабекұлы
© фото Айгүл Хожантаева

Осы орайда контактілі линзаның қолданушыларына қажетті ақыл-кеңестерді назарларыңызға ұсынамыз:

  • Линзаны сатып алған кезде оны сақтайтын арнайы сұйықтықты қоса алуды ұмытпаңыз. Линзаны жай суда, тіпті тазартылған суда да сақтауға болмайды. Оны тек арнайы сұйықтықта сақтау керек.
  • Бір ерiтіндіні екінші рет қолданушы болмаңыз.
  • Контактілі линзаны ұстамас бұрын қолды иіссіз, бактерияға қарсы сабынмен жақсылап жуып, одан соң, қолды таза сулықпен құрғатып алыңыз.
  • Линзаны ешқашан ауызға салмаңыз.
  •  Оң-солын шатастырып алмас үшін әрқашан қолыңызға бір ғана линзаны алғаныңыз дұрыс.
  • Шашқа лак сепкенде немесе басқа да спрейлер шашқанда көзіңізді жұмып себіңіз.
  • Линзаны макияжды енді бастағанда тағып, макияжды тазалаудан бұрын алып тастаңыз.
  • Көзді демалдыру үшін контактілі линзаны көзілдірікпен алмастырып тағыңыз.
  • Линзаны моншада, саунада немесе ванна қабылдағанда тағуға болмайды.
  • Көзге арналған тамшыларды тамызбас бұрын дәрігеріңізбен кеңесіп алған жөн.