Өтемақыны қалай алуға болады?

Жолаушылар тасымалының ережесі бойынша пойыздың кешіккен әр сағаты үшін билет бағасының 3%-ы жолаушыға қайтарылады. Мысалы, пойыз 2 сағат кешіксе, билет бағасының 6%-ын өтемақы ретінде талап етуге құқығыңыз бар. Ол үшін пойыздан түскен сәтте теміржол вокзалының сол күнгі кезекшісіне барыңыз. Ол сіз мінген пойыздың кешіккенін тіркеп, нақты қанша уақыт жоғалтқаныңызды билетіңізге жазып, растайды. Ол билетті вокзалдағы кассаға апарасыз.

Егер билетті вокзал кассасынан алған болсаңыз, өтемақыны сол сәтте қолыңызға береді. Электрондық билет алсаңыз, өтемақы шотыңызға бір ай көлемінде түседі.

Билетті тағы қандай құжатпен алуға болады?

  • ҚР азаматының төлқұжаты;
  • ҚР азаматының жеке куәлігі;
  • ҚР тұратын шетел азаматының ықтияр хаты;
  • Азаматтығы жоқ тұлғаның куәлігі;
  • Босқынның куәлігі;
  • Қазақстан Республикасының дипломат төлқұжаты;
  • Қазақстан Республикасының қызметтік төлқұжаты;
  • Шетелдік төлқұжат;
  • Елге оралу куәлігі (басқа мемлекет азаматының ҚР аумағында жеке куәлігін жоғалтып алған жағдайда еліне бару үшін жол жүруіне арналған);
  • Туу туралы куәлік (16 жасқа дейінгі балалар үшін).
  • Әскери билет – жедел қызметтегі әскери қызметкерлер үшін;
  • Уақытша жеке куәлік.

Билетте жолаушының аты-жөнін жазу кезінде қате кетіп жатады. Егер екі әріптен көп қате болса, жолаушыға пойызға отыру рұқсат етілмейді. Әріп санына атының, тегінің және әкесінің атының бас әріптері есептелмейді.

Жолсерік жолаушыны қандай кезде пойыздан түсіріп жібере алады?

  1. Билетсіз пойызға кірген жағдайда;
  2. Үкіметтің қаулысы бойынша жолаушыларды тасымалдау тоқтатылғанда;
  3. Жол жүру кезінде мас күйінде болып, қоғамдық тəртіпті бұзып, басқа жолаушылардың мазасын алса;
  4. Жолаушы тиісті көлік түрінде əрекет ететін ережелерге бағынбаған жағдайда жолсерік жолаушыны пойыздан түсіріп жібере алады.

Билет ақысы қай кезде қайтарылады?

  • Пойыз жүрерден 24 сағат бұрын өткізілген билеттің толық құны қайтарылады;
  • Пойыз жүрерден 24 сағаттан кем, 6 сағат қалғанға дейін өткізілген билет ақысының 50% қайтарылады;
  • Пойыз жүруге 6 сағат қалғанда және пойыз жүріп кеткеннен 3 сағаттан кейін өткізілген билет құнынан белгілі мөлшері ғана қайтарылады.

Қолданылмаған темір жол билетін қайтару кезінде жолаушыдан төлемақы алынады.

Біздің Telegram-каналымызға жазылыңыз!