Ағылшынның Vouchercloud порталы әлемнің ең ақылды елдерінің рейтингін жасады. Рейтинг үш негізгі факторға сүйенген: Нобель сыйлығы иегерлерінің саны, халықтың орташа IQ көрсеткіші және мектеп оқушыларының оқу үлгерімі.
Осы үш көрсеткіш бойынша әлемнің ең озық саналған 25 мемлекетінің тізімінде Жапония көш бастап тұр. Алғашқы бестікке Швейцария, Қытай, АҚШ пен Нидерланды да енген. Қалған орындарды кезегімен Ресей, Бельгия, Ұлыбритания, Канада мен Оңтүстік Корея иеленіп отыр.
Қазақстан негізгі рейтингке енбегенімен мектеп оқушыларының үлгерімі жөнінен Ұлыбритания, Израиль мен Швейцарияны артқа тастап, 9-орынға шықты. Рейтинг авторлары мұны күтпеген оқиға деп бағалап отыр және елімізді «жаңа интеллектуал держава» болуы мүмкін деп есептейді.
АҚШ рейтингтің алғашқы бестігіне Нобель сыйлығы иегерлерінің саны (368 адам) бойынша енгенін атап өту керек. Өйткені халқының IQ деңгейі бойынша бұл ел 28-орында, ал мектеп оқушыларының үлгерімі жөнінен 13-орында.