Дінмұхамед Қонаевтың өмірінің соңғы күндері түсірілген фотосуреті жарияланды

Көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақ КСР Коммунистік партиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы Дінмұхамед Қонаевтың немересі Димаш Қонаев Facebook желісінде саясаткердің өмірінің соңғы күндерінде түсірілген фотосуретті жария етті.

Бүгін үшінші атам, біздің Димаш ата, Дінмұхамед Ахметұлы Қонаевтың туғанына 107 жыл толып отыр. Ол қайтыс болған кезде мен 7 жаста едім, бірақ мен оның көңілді, жылы аурасы мен мейірімді, қамқор қатынасын өмір бойы есімде сақтаймын. Күн сайын Димаш атаның үйінде қонақта болатынбыз, папаммен, Эльдар ағайыммен, Мұхтар бауырыммен, Асқар атаммен дәл 13.00-те, кешікпей басталатын түскі асқа келетінбіз. Ол кезде менің сыйға алған фотоаппаратым болды, мен үйде жүгіріп жүріп, көп фотосурет түсіретінмін, олардың көбі қисық немесе объективтегі саусақпен бірге түсірілген болатын… Бірақ сәтті шыққан фотосуреттер де болды. Сондай фотосуреттердің бірі — Димаш атаның фотосуретін мен 1993 жылы 7 тамызда — қайтыс боларынан екі апта бұрын оның кабинетінде түсіргенмін, — деп жазды Димаш Қонаев.

Димаш Қонаев Facebook желісінде Дінмұхамед Ахметұлына арналған Qonayev turaly деп аталатын парақша ашылғанын да хабарлады. Мұнда мемлекет қайраткерінің бірегей фотосуреттері мен видеолары, басқа да қызық деректер жарияланып отырады.

Парақшада Дінмұхамед Қонаевтың 1992 жылдың қаңтарында ҚР Ғылым академиясында сөйлеген сөзі жазылған видео да бар. Ғалымдар сол кезде оны 80 жылдық мерейтойымен құттықтауға шақырған.

Дінмұхамед Қонаев 1912 жылы 12 қаңтарда Алматыда дүниеге келген. Мәскеу түсті металдар және алтын институтын тау-кен инженері мамандығы бойынша тәмамдаған. Ұлы Отан соғысы жылдары ол КСРО-ның майдан даласына іргелес аудандарынан Қазақстан аумағына эвакуацияланған кәсіпорындарды орналастыру және оларды іске қосу, сонымен бірге Кеңес Армиясы үшін республиканың адами резервін жұмылдыру мен дайындау мәселелерін басқарды. 1952 жылы Қазақ КСР Ғылым академиясының президенті болды. 1955 жылдың наурызында Қазақ КСР Министрлер кеңесінің төрағасы болып тағайындалды. 1960 жылға дейінгі аралықта ол елімізде түсті металлургия, құрылыс-жөндеу жұмысы, геология, энергетика және басқа да салалар бойынша мемлекеттік ведомстволар құрды. Тың және тыңайған жерлерді игеру науқаны да осы кезеңде іске асырылды.

1960 жылы Қазақ КСР КП ОК бірінші хатшысы, 1962 жылы қайтадан Қазақ КСР Министрлер кеңесінің төрағасы, 1964 жылы қайтадан республиканың Коммунистік партиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы болды. Сонымен қатар 1962 жылдан бастап КСРО Жоғарғы Кеңесі Президиумының мүшесі болды. 1986 жылы зейнетке шығып, 1993 жылы жүрек талмасынан қайтыс болды. Дінмұхамед Қонаев еңбек жолы барысында Социалистік Еңбек Ері атағын үш мәрте алған. Оның есімі халық арасында айрықша ықыласпен аталады. Ол қызметтен босатылған уақытта Қазақстан жастары тарихта «Желтоқсан оқиғасы» аталып кеткен көтеріліс ұйымдастырды. 1993 жылы тарихи тұлғаның құрметіне арналған қайырымдылық қоры ашылды. Оның есімі еліміз бойынша жоғары оқу орындарына, көшелер мен мектептерге берілген. Алматыда 2012 жылдан бері Дінмұхамед Қонаев музей-үйі жұмыс істейді, ол қайраткер тұрған пәтерде орналасқан. Дінмұхамед Қонаев — «Өтті дәурен осылай», «Сталиннен Горбачевқа дейін» кітаптарының авторы.