ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында депутат Дариға Назарбаева Экономикалық тергеу қызметі жұмысының тиімділігі туралы айтты. Бұл қызмет ҚР Қаржы министрлігі жанындағы Мемлекеттік кірістер комитетінің құрамында.
Бүкіләлемдік банктің соңғы есебі бойынша бізде сыбайлас жемқорлығы ең көп мемлекеттік органдар — салық және кеден ұйымдары. Экономикалық тергеу қызметі салықшылар мен кеденшілер сияқты Қаржы министрлігінде. Мониторинг та Қаржы министрлігінде. Бұл жерде мүдделер қайшылығы мәселесі бар деп қаншалықты ойлайсыздар? Жемқорлығы ең көп ведомстволар Қаржы министрлігінде болса және Қаржы министрлігінің өзі Экономикалық тергеу қызметін басқаратын болса, оған өзін-өзі тергеп, жазалау керек болады, мұны қаржы мониторингі де істеуі керек, бірақ оның жұмысы туралы соңғы жылдары ештеңе білмедік, естімедік. Экономикалық тергеу қызметі Қаржы министрлігіне және басқа да министрліктерге тәуелсіз болуы керек деп ойламайсыздар ма? — деді Дариға Назарбаева Ұлттық экономика және Қаржы министрліктерінің өкілдеріне.
Ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов Экономикалық тергеу қызметін Қаржы министрлігінен бөлек шығару мәселесі әзірше көтеріле қоймағанын айтты.
Салыққа және бизнес пен мемлекеттің өзара әрекет етуіне қатысты мәселелер барлық елде өзекті. Сондай жерлердің өзінде жемқорлық жүреді. Оны біз, әрине, түсінеміз. Экономикалық тергеу қызметі мен оның Мемлекеттік кірістер комитетімен байланысына және оны Қаржы министрлігінен бөліп шығару мүмкіндігіне келсек, бұл жерде синергия бар деп ойлаймын, — деді министр.
Тимур Сүлейменовтің айтуынша, Экономикалық тергеу қызметі Қаржы министрлігінде салық және кеден органдарының базасымен жұмыс істейді, бұл өзара байланыс мейлінше тиімді болып тұр. Оның үстіне, сыбайлас жемқорлықпен күрес қызметімен тікелей айналысатын ведомство бар, ол — Мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі.
Дариға Назарбаева қойған сұраққа Қаржы министрінің орынбасары Қанат Баеділов те жауап берді. Ол бұл қызмет келешекте қайта ұйымдастырылатынын, Мемлекеттік кірістер комитетінің құрамынан тікелей министрдің қарамағына өтетінін айтты.
Бірінші кезекте біз алдағы қайта ұйымдастыруға байланысты Қаржы министрлігінде жаңа құрылым жасап жатырмыз. Қаржы мониторингі комитеті құрамында бөлек бөлімше болады. Ол өзіндік қауіпсіздік басқармасы сияқты болады. Ол министрге тікелей бағынышты болады және барлық комитет жұмысында жемқорлықтың болмауын қадағалайды. Алдағы жылдары бұл өз жемісін береді деп ойлаймын, — деді Қанат Баеділов.