Доңыз — адамзаттың ең алғаш қолға үйреткен жануарларының бірі. Доңыз ең алғаш Еуропа және Шығыс Азия елдерінің аумағында пайда болған делінеді. Бұл жануардың әлемде 100-ден астам түрі бар.
Қазақ ұлттық әдет-ғұрып, салт-дәстүр академиясының академигі, этнограф Болат Бопайдың айтуынша, қазақ «доңыз», «шошқа» сөздерін көп қолданбай, жылды, уақытты алтынға балап, жақсылыққа теңеп, атын тергеп, «қара киік» дейді. Қабан — доңыздың еркегі, мегежін — ұрғашысы. Халқымыз доңызды харам хайуан санағандықтан қазақ тіліндегі тіркестерде оны жақсы жағынан емес, оны сиықсыздық, жатырқау-үркеу мағынасында теңеп қолданған.
«Доңыз айбатын сыртына салды», «доңыздай қорс ете қалды», «доңызмойын», «доңыз мінезді», «доңызтанау», «доңызқұлақ», «доңызкөз», «доңызсирақ», «доңызжелке», «доңыздай тоңырайған», «доңыздай сасық», «шошқадай шыңғырды», «қабандай күр-күр етеді», «қабанқарын», «доңыздай түсі суық», «доңыздай кірк етеді», «балшыққа аунаған шошқадай», «шошқаша тұмсығымен жер түртті» — осының бәрі жағымсыз теңеу сөз. Қазақ доңызды жақтырмағандықтан, харам санап, етін жемегендіктен осындай теңеулерді қолданған. Доңызөлең (доңызоты) дейтін шөп бар. Сулы, батпақты жерде өседі, сабағы сидам. Доңызөлеңді мал жемейді, суықта шошқа оранып жатады, — дейді этнограф.
Тарихқа көз жүгіртсек, доңыз жылында жұт, алапат соғыс және тағы басқа оқиғалар болмаған. Мәселен, 1867 қоян жылында жалпақ қоян жұты, 1891 жылы кіші қоян жұты, 1915 жылы тақыр қоян жұты болып, 1962 жыл қоян жұт аталған. Қазақ тарихындағы 1923 жылғы Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама оқиғасы да осы қоян жылы болған. Сонымен бірге жылан және мешін жылдары соғыс, жұт, ашаршылық көп болған. Тарих доңыз жылында тек жақсылық болғанын көрсетеді. 1729 жылы қазақтың жоңғармен соғыста жеңіске жетіп, қалмақты біржола жеңген кезі — доңыз жылында болған оқиға. Аты жаман болғанымен халық доңыз жылын ешқандай да жағымсыз жайттармен байланыстырмаған. Қар қалың түсіп, күн суық болып жатса, биыл ақ доңыз кіріпті, ақ шошқа кіріпті, қыс жайлы өтіп жатса, қара киік кіріпті дейді. Қазақ доңыз жылын жамандыққа балаған емес. Доңыз жылы қыс аса суық болса, «Доңыз айбатын көрсетіп тұр» дейді.
Қазақ доңыз жылы туған адам ырысты, ризығы мол болады, ақкөңіл, ашық-жарқын, жолы ашық болады деп есептеген. Дұшпанынан үстем орында тұрады деп жақсы жағынан бағалайды. Доңыз жылы туған адам мінезді, сырбаз, еңбекқор, қарапайым қажырлы келеді, бағы биік болады, адамдар алдында беделді келеді. Саудамен айналысса да, адамдармен қарым-қатынаста да, некеленсе де, бала-шаға, ата-ана, туыс-туғандарына да қайырымды, мейірімді болады. Халқымыз доңыз жылы туған адам көбіне өзі зиян шегіп қалады, жамандық істемейді деп қарайды, — дейді Болат Бопай.
Ветеринар Әйгерім Жақсылықтың айтуынша, доңыз — тез өсетін әрі көп балалайтын жануар. Оларды қолға үйретудің, бағып-күтудің өз тәсілі бар. Доңызға дауыс көтермей, көңілін тәтті тамақ арқылы табу керек.
Доңыз тамақ талғамайтын болғандықтан оны асырауды көбі жақсы көреді. Оған арнайы рацион таңдап, тамақ сатып алудың қажеті жоқ және олар тез өседі, тез көбейеді. Ұрғашысы үш ай, үш апта, үш күн (барлығы 115 күн) буаз болып, жылына 25 торайға дейін туады. Доңыздың мінезі бейбітсүйгіш, момын, иесіне ешқандай жамандық істемейді. Тек оларды сатып аларда, әсіресе, кішкентай доңызға адамға шабуылдамауды үйрету керек. Доңызды мұндай тәртіпке жазалап отыру арқылы үйретуге болады. Көбі жаза түрінде шапалақпен ұрады. Доңыздың терісі қатты болғандықтан бұл оларға аса әсер ете қоймайды, — дейді Әйгерім Жақсылық.
Қазір көпшілік, әсіресе, қала тұрғындары кішкентай доңыздарды үйде асырайды. Маманның айтуынша, олар өте сүйкімді әрі момын. Үйде асыраудың сәнге айналған себебі — басқа жануарлар сияқты шашып-төгіп ас ішпейді, ақылды. Олар белгілі-бір бұйрықтарды тез жаттайды. Иесі кішкентай доңызды жақсылап тәрбиелей алса, ол айтқанды тыңдайды. Тек оған кімнің қожайын екенін дұрыс ұғындыру қажет. Мысалы, итті үйреткенде оған айқайлауға, аяғынан демеп жіберуге болады. Доңыздарға мұндай тәсіл жүрмейді. Олар белгілі бір бұйрықты тамақ үшін ғана орындайды. Сондықтан доңызды тәтті тамақпен алдап, кейбір командаларды орындауды үйретуге болады.
Халқымыздың тарихында доңыз жылы көбіне күрескерлер мен қоғам қайраткерлері дүниеге келген екен. Мысалы, Қазыбек би мен Қанжығалы Бөгенбай батыр доңыз жылы туған деседі. Сонымен бірге Исатай Тайманұлы, Сүйінбай Аронұлы, Қаныш Сәтбаев, Құдайберген Жұбанов, Қасым Аманжолов, Тахауи Ахтанов, Жұмекен Нәжімеденов, Сағат Әшімбаев сияқты тұлғалар да доңыз жылы дүниеге келген.
Қорыта айтқанда, доңыз — қомағай болғанымен қолға үйретуге болатын, ақылды жануар. Тарихтан доңыз жылында болған қиын-қыстау кезеңдерді кездестірмейміз. Бұл жануарды халық жақсы атамаса да, ол тарихқа жайлы, тыныштық жылы болып келген. Ендеше, 2019 еліміз үшін молшылық пен бейбітшіліктің жылы болсын деп тілейміз!