Ұлытаудағы Болған ана кесенесінен алтын бұйымдар табылды

Болған ана кесенесінен әйел адамның сүйегі табылды, американ және жапон мамандары енді оның жас шамасы мен нәсілін анықтайды.

Алтын тостаған Болған ана
Фото: Ekaraganda.kz

Қарағанды облысының Ұлытау ауданында археологтар Болған ананікі делінетін қабірден алтын сырға мен тостаған тапты. Аңыздардың бірі Болған ананы Жошы ханның қызы десе, енді бір аңызда оның Жошы ханның келіні екені айтылады. Оны Алаша ханның қызы дейтін аңыздар да бар.

Болған ана кесенесі Ұлытау ауылынан оңтүстік-шығысқа қарай 60 шақырымда, Сарысу мен Қаракеңгір өзендерінің құйылысында. Бір кездері кесененің күмбезі болған, қазір қабырғалары ғана тұр. Ол XIII-XIV ғасырлардың, яғни Алтын Орда дәуірінің ескерткіші саналады. Заманында бұл жерді Әлкей Марғұлан зерттеген, ал биыл кесене орны тұңғыш рет қазылды.

Көне ескерткіштердің көбі әдетте тоналған болып шығатын. Шынын айтқанда, бұл жер де солай болады деп ойладық. Бірақ кесене астына қол ұшы тимеген болып шықты. 2,35 метр тереңдіктен біз ағаш табыт таптық, онда әйелдің бұзылмаған сүйегі жатыр. Киімі мен былғары етігі тозып біткен. Осы жерде алтын сырға мен алтын тостаған және жануар сүйегінен жасалған шашқыстырғыш бөлек жатты. Қола дәуірінен бері марқұмдармен бірге жоралғыларға арналған бұйымдар да жерленетін болған, – дейді археолог, ҚР Ұлттық музейінің жетекші ғылыми қызметкері Айбар Қасеналин.

Айбар Қасеналин
Айбар Қасеналин. Фото: Тengrinews.kz

Оның айтуынша, бұл – Қарағанды облысынан табылған осы дәуірге тиесілі тұңғыш жәдігер. Бұған дейін стилистикасы осындай бұйымдар Алматы облысы аумағынан табылған.

Біз табылған үлгілерді Америкаға және Жапонияға зерттеуге жібердік. Жуырда біз ескерткіштің өзінің нақты салынған уақыты мен жерленген әйелдің жас шамасын және расогенезін (нәсілін) білеміз деп үміттенемін. Әйелдің бет-әлпетін қалпына келтіруге де мүмкіндік туар, – дейді Айбар Қасеналин.

Ғалымдар Болған ананың кім болғанын нақты айта алмайды. Дегенмен жерленген сүйектің киіміне қарағанда бұл әйел – асыл тек өкілі.