Әз-Жәнібек ханның дулығасы АҚШ-тағы «Метрополитен» өнер мұражайында сақталған

Демек, АҚШ-тың ең үлкен көркемсурет қоры саналатын «Метрополитен» мұражайында  Алтын Орданы билеген Әз-Жәнібек ханның дулығасы сақталған. Жеке кісілердің мұражайға сыйға тартқан жәдігерлерінен жинақталған «Метрополитеннің» негізі 1870 жылы Нью-Йоркте қаланып, 1872 жылы ашылған.

Бұл туралы Facebook парақшасына: «Күллі Дәшті қыпшақ жұрты әулие тұтып, әзиз, Әз деп құрметтеген әйгілі Жәнібек xанның айбарлы дулығасы көзімізге оттай басылды. Алтын Орданың ұлық қағаны атақты Өзбек xанның ұлы Әз-Жәнібек xанның мұсылманша аты Жалал-ад-дин екені де қағазға жазылып қойылыпты. Жорықтарда алтын тәжді алмастырып, қанды қырғындарда қаhарман қағаныма қорған болған қайран қасиетті дұлыға! Бір кездері алтын тағың орналасқан Алтын Орда осы алпауыт мемлекеттен де алып мемлекет еді… Ал айбынды Ордаң жаhанға үкім жүргізген байрағы биік байтақ болатын… Ағайынның алауыздығынан азған ұрпағың Ордаңды сақтап тұра алмады…Ел айырылды, дәулетінің тозды, xалқыңның басынан дәурен озды… Мұраң жоғалды, тариxың тоналды… Соның бәрінен аман өтіп мына жақұт жәдігер бүгінге қалай жетті…? Әзірге бізге жұмбақ», — деп жариялаған Дархан Қыдырәлі сондай-ақ, онда Мысыр Мәмлүктерінің атақты билеушісі Қайтпай сұлтанның сауыты, Үндістандағы Бабыр негізін қалаған Ұлы моғолдар империясының батыр бектеріне тиесілі қалқан, сауыт, ер-тұрманы және үш құрлықта ат ойнатқан Осман мемлекетінің әскери мұралары да сақталғанын жазады.

Бұған дейін Новосібір мемлекеттік университетінің археология және этнология кафедрасының профессоры, тарих ғылымдарының докторы Леонид Бобров та Жәнібек ханның дулығасы АҚШ-тағы «Метрополитен» өнер музейінде сақтаулы тұрғандығын айтқан болатын.

Суреттер Дархан Қыдырәлінің Facebook парақшасынан алынды

«Қазақ хандығына 550 жыл» атты өңіраралық музей фестивалі шеңберінде өткен «Музей раритеттеріндегі Қазақ хандығының тарихы» ғылыми-практикалық конференциясында Леонид Бобров: «АҚШ-тың Нью-Йорк қаласындағы «Метрополитен» өнер музейінде сақталған 14-17 ғасырларға жататын темірден жасалынған әскери бас киім «Жеңімпаз сұлтан Махмұд Жәнібек ханның дулығасы» деп айтуға толық негіз бар», — деп баяндама жасаған еді.

Оған дулығаның төменгі жағында араб әріптерімен жазылған жазу айқын дәлел.

«Американдық ғалымдар бұл дулыға кезінде Алтын Ордада билік құрған Жәнібек ханға тиесілі болуы мүмкін деген болжам жасап отыр. Дулығаны кезінде еуропа саяхатшылары Тибет жерінен алып кеткен көрінеді. Содан бері ұзақ уақыт жеке меншік коллекциялардың бірінде сақталған. Кейін АҚШ-тың атақты коллекционерінің бірі сатып алған көрінеді.  Ал 2007 жылы  Нью-Йорк қаласындағы «Метрополитен» өнер музейіне тапсырылған. Дулыға темірден жасалған, биіктігі 20-23 сантиметр, диаметрі 22 сантиметр, үстіңгі жағы үшкір қырлы болып келеді, ал төменгі жағында араб әріптерімен ойылып, күміспен көмкеріліп «Жеңімпаз сұлтан Махмұд Жәнібек хан» деп жазылған. Ғалымдардың пайымдауынша, бұл дулығаны сол замандағы кавказ және иран шеберлерінің жасауы мүмкін. Ал бұл дулыға Тибет жеріне қайдан барды дейтінге келсек, XVII ғасыр соңы мен XVIII ғасырдың бірінші жартысында оңтүстік-шығыс Қазақстан аумағына Батыс Моңғолия жерінде мекендеген ойраттар мен жоңғарлардың жиі шабуыл жасап тұрғаны тарихта белгілі.  Сондай сәттердің бірінде олар бұл дулығаны қолға түсіріп, өздерінің діни көсемдері Далай Ламаға сыйға тартуы мүмкін», — дейді Леонид Бобров.

Жәнібек хан дулығы
Суреттер Дархан Қыдырәлінің Facebook парақшасынан алынды

Аталмыш дулыға Қазақстанда табылған 84 дулығаның ішінде тарихи құндылығы жағынан алғашқы бестікке кіреді.

XV ғасырдың ортасынан бастап Дештi Қыпшақтағы жаңа мемлекеттiң, Қазақ хандығы мен қазақ хандары әулетінің негізін қалаушы Әз-Жәнібек хан — қазақ халқының тарихи санасында есімі аса құрметпен айтылатын хандардың бірі.