Алматыдағы медициналық университеттің жаңа жатақханалары тексерілді

«Нұр Отан» партиясының Алмалы аудандық филиалы «Президенттің бес әлеуметтік бастамасын» жүзеге асыру мақсатында Санжар Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университетінің жаңа жатақханаларына рейд жүргізді. Бұл туралы партияның Алматыдағы филиалының баспасөз қызметі хабарлады.

ҚазҰМУ-да 600 орындық тоғыз қабатты жатақхана құрылысы аяқталды. Қазіргі уақытта 11 мың шаршы метр ауданды қамтитын ғимараттың іші жөнделіп, тиісті аумақты абаттандыру жұмысы жүріп жатыр.

Тексеріс барысында жатақханалардың сапасы мен студенттердің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы тексерілді.

Медицина университетінің жатақханалары тазалығымен, жайлылығымен ерекшеленеді. Мұнда медициналық пункт, компьютерлік залдар, әр қабатта демалыс орындары мен ас үй бөлмелері бар. Бақылау барысында ешқандай құқықбұзушылықтар анықталмады. Жастар игілігіне берілген жаңа жатақханада барлық жағдай жасалған, — дейді Алматы мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің бас маманы Әзиз Еселбаев.

ҚазҰМУ-да «Жас Отан» ЖҚ өкілдері студенттік жатақхана белсенділерімен жиі кездесулер өткізеді. Онда жастар әлеуметтік жағдайларын жақсарту мәселесін көтеріп, толғандырған сұрақтарын қоя алады.

«Нұр Отан» партиясы Алмалы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ерлан Әлбісеновтің айтуынша, студенттік жатақханалар бойынша рейдтік шаралар алдағы уақытта басқа оқу орындарында да жалғасын табады.