Жатақхана тұрғыны

Жатақхана алыстан оқуға келген студенттің үйі ғана емес, студенттік өмірдің қызығы мен шыжығын қатар көрсететін мекен. Ал онда тұрудың шығыны қаншалықты аз немесе көп?

Гүлсезім Әбдіжәлел, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің 2-курс студенті. Жатақханада 1-курстан бастап тұрады.

Жатақханаға айына 10 700 теңге төлеймін. Шәкіртақымның жартысын жатақхананың ақысына беремін. Қалған ақша жүріп-тұруыма жетпейді. Үйдегілерден қосымша ақша сұрауға тура келеді. Егер пәтерде тұратын болсам, шәкіртақымның барлығы пәтерақыға, коммуналдық қызметке кетер еді.

Гүлсезімнің айтуынша, әсіресе, 1-курс студентіне жатақханада тұрған тиімді. Ол бізге студенттің өзге шығыны туралы да айтып берді.

Алыстан қалаға келе сала пәтерге орналасуды құптамаймын. Меніңше, жатақханада тұрып, нағыз студенттік өмірді көрген жөн. Біріншіден, жатақханаға төленетін қаражат пәтерге жұмсалатын қаражаттан аз. Екіншіден, тұратын жеріңнің оқу орнына жақын болғаны жақсы емес пе? Кептелісте тұрмайсың, жолға қаражат жұмсамайсың. Үшіншіден, бірге оқитын достарың қасыңда болса, олардың көмегімен кез келген мәселені бірге шешуге болады. Студент кезімде тек жатақханада тұрғым келеді.

Жатақхананың кемшілігі: бөлменің, ас үйдің, жуынатын бөлменің ортақ болуы, үнемі тексерістің болуы, санитарлық тазалықтың сақталмауы, кешке белгілі уақытта жатақхананың жабылуы.

Кейіпкеріміз жатақхананың осы артықшылығы мен кемшілігіне қарамастан студенттерді жатақханада тұруға шақырады. Ал пәтер жатақханадан несімен ерекшеленеді?

Пәтер тұрғыны

Пәтердің ыңғайлылығы туралы айтпаса да белгілі. Үйіңдегідей жататын орның, ас үйің, жеке жуынатын бөлмең болады. Осындай жағдайы үшін кей студенттер пәтерді құп көреді. Алайда барлығының қаражаты оған жете бермейді.

Зәуре Нарботаева, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының 2-курс студенті.

9-сыныптаң соң Алматыдағы П.Чайковский атындағы музыкалық колледжде оқыдым. Колледж жатақханасында төрт жыл тұрдым. Жатақханамыз өте ыңғайлы еді әрі оқу орнымыздың дәл қасында орналасқан. Бірақ пәтерде тұруды қалайтынмын. Колледж бітірген соң Т.Жүргенов атындағы өнер академиясына түсіп, академия жатақханасында бір жыл тұрып көрдім. Ұзақ тұрмауымның себебі: оқу орныма алыс болды, сабаққа бару қиынға соқты. Есесіне қазір 2 бөлмелі пәтерді 70000 теңгеге жалдап тұрамыз. Пәтерге шамамен айына 30000 теңге жұмсаймын. Шәкіртақы аламын әрі арасында тойларда, мерекелік шараларда өнер көрсетіп ақша табамын.

Пәтер тұрғыны Зәуре
Пәтер тұрғыны Зәуре. Фото: жеке мұрағатынан.

Студенттің ақшасы қайдан көп болсын? Сондықтан төмен бағадағы жатақханада тұрған ыңғайлы. Қаражатты үнемдеп, ортақ жерде тұруға болады. Бірақ мен пәтерді таңдадым. Үйдегідей бәрі өзіме тиесілі болғанын қаладым. Бұрын жылына жатақханаға 20-30 мың теңге көлемінде жұмсасам, қазір мұндай қаражатты айына пәтерге жұмсаймын. Айырмашылық жер мен көктей. Қаражат көп кетеді, бірақ үйде өзің би, өзің қожа. Үйдің аурасын сезіну үшін ақшаны аямау керек те шығар. Пәтер қожайыны жақсы болса, оның айына бір рет келіп тексеруі түк емес. Жатақханадағыдай сені ешкім мазаламайды. Кешкі уақытта жатақханадағыдай шектеу жоқ.

Пәтер тұрғыны Зәуре
Пәтер тұрғыны Зәуре. Фото: жеке мұрағатынан.

Кейіпкеріміздің ойынша, пәтерде тұру үлкен өмірге тез бейімделуге, жұмыс істеп, ақша табуға, қаланың тыныс-тіршілігімен бірге қайнауға мүмкіндік береді.

Кемшілігі: Бірге оқитын достарыңмен жатақханадағыдай көп жүздесе бермейсің. Аяқ астынан көмек керек болса, жатақханадағыдай «бөлме аралап» кете алмайсың.

Жатақхана студенттік өмірді көруге, адамдармен араласуға ыңғайлы орын болса, пәтерде өзіңе қолайлы атмосфераны қалыптастыра аласың. Бірақ жақсы дүниеге ақшаның көп жұмсалатыны белгілі.

Алматыдағы белгілі оқу орындарында жатақхана бағасы қанша?

Оқу орны Жатақхана бағасы (жылына есептенде)
Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті 96 300 теңге
Қ.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университеті 31 300 теңге
Қазақ Мемлекеттік Қыздар педагогикалық университеті 30 000 теңге
Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы 30 000 теңге
Абай атындағы Қазақ Ұлттық педагогикалық университеті 37 708 теңге
С.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медицина университеті 62 000 теңге
Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университеті 42 000 теңге
«Нархоз» университеті 175 000 теңге

Ал пәтер бағасы оның қожайынына тікелей байланысты. Бұл — пәтерді қалаған бағада жалдап тұруға болады деген сөз. Кrisha.kz сайтындағы мәліметке сай, Алматыдағы 1-2 бөлмелі пәтерлерді жалдау құны айына 60 000 теңгеден басталып 300 000 теңгеден асып түседі.

Кейіпкеріміз 2 бөлмелі пәтерді 70 000 теңгеге жалдайды. Бұл — қаланың орталығындағы пәтер бағасы. Ал әл-Фараби көшесі сияқты қаланың жоғарғы жағындағы көшелер мен жаңадан салынған көпқабатты үйлерді жалдау құны жоғарылай береді.