Жанәділ Талдыбаев, Оңтүстік Корея
Мен Оңтүстік Кореяның астанасы әрі мәдени-іскерлік орталығы Сеулде тұрамын. Hanyang Univerisity-дің операциялар және сервис менеджменті мамандығы бойынша магистратурада оқимын. Сонымен қатар медициналық туризм саласындағы «КМК» компаниясын құрушылардың бірімін.
Кореяда 500-ден астам қазақстандық студент оқиды. Жыл сайын бұл көрсеткіш өсіп келеді. Жерлестерім мұнда бір-бірімен жақсы араласып, жиі кездеседі. Қазақстан студенттерінің қауымдастығы да бар. Ол бәріміздің басымызды қосатын мәдени іс-шаралар ұйымдастырады.
Қазақстанның Оңтүстік Кореядағы елшілігі жыл сайын тәуелсіздік күніне орай қабылдау мен салтанатты мереке өткізеді. Биыл да бұл шарадан тыс қалмадық. Қазақстандықтарды Тәуелсіздік күнімен құттықтау үшін Кореяда аккредиттелген дипломаттар мен Сеулдегі қазақ диаспорасының өкілдері жиналды. Мерекелік кешке арнайы әзірленген қазақтың дәстүрлі тағамдарынан дәм татып, концерттік бағдарламаны тамашаладық. Үш жыл қатарынан мен бұл кештің модераторы болып жүрмін.
Тәуелсіздік күні — Қазақстанды мақтан тұту, елі мен оның дамуы үшін еңбек ету, туған жер мен отбасын сүю сияқты құндылықтары ортақ жандардың мерекесі. Тәуелсіздік алғаннан бері еліміз гүлденіп, үлкен жетістіктерге қол жеткізді. Бұл күннің Қазақстан тарихында ойып тұрып орын алатыны сөзсіз. Сондықтан осы маңызды күнді естен шығармай, тәуелсіздігімізді бағалап, қастерлеуіміз қажет.
Мархаббат Ілияс, Түркия
Мен Анкарадағы Gazi University-де радио, кино және телевизия мамандығы бойынша магистратурада оқып жатырмын. Мұнда қазақстандық студенттер өте көп. Анкарада түрік достарыммен бірге Иран, Ирак, Судан, Ауғанстан, Ресей және басқа да елдерден келген студенттер бар. Оларға салт-дәстүрімізді, тарихымызды, мәдениетімізді таныту мақсатында Қазақстанның Тәуелсіздігі күнін тойламақшымыз.
Шетел студенттеріне арналған «Түркия стипендиясы» деп аталатын бағдарламаның Анкарада үлкен орталығы бар. Сол жерде 16 желтоқсанда Қазақстан Тәуелсіздігі күніне орай ән-би кешін ұйымдастырып, Қазақстан тарихына шолу жасаймыз. Басқа ел өкілдері де бұл мерекенің қонағы болып қатысады. Анкараға Түркияның басқа қалаларындағы қазақтар осы Тәуелсіздік мейрамына келеді. Кешті түрік және қазақ тілдерінде жүргіземіз.
Соғыс көрмей, бейбіт өмір сүріп, еркін түрде білім алып, қалаған саланың маманы болатын мүмкіндігіміз бар. Ең бастысы, біз — тыныштық пен бейбітшілік орнаған заманның бақытты халқымыз. Сол себепті Тәуелсіздік күні — аса маңызды мереке.
Мұндағы қазақстандық студенттің әрқайсының жүрегі елім деп алып-ұшып тұрады. Қазақстанда орысша сөйлеп жүрген студенттер осы жаққа келіп, қазақша сөйлей бастайды, қазақша ән-күй тыңдайды. Тіпті, Анкараға келгенде әрқайсымыз Қазақстанның Елтаңбасы, Туы бар баскиім, жейде сатып алғанбыз. Оны басқа мемлекеттен келген достарымызға мақтанышпен көрсетіп, әрдайым елімізді сағынышпен еске аламыз. Қазақстандағы жаңалықтарды бақылап, ел жағдайын әрқашан біліп отырамыз.
Нұрдәулет Жұмабай, Ұлыбритания
Мен — «Тұманды Альбиондағы» Уорик университеті жанындағы Бизнес мектебiнiң магистрантымын. Қазiр шамамен 60 отандасым осында оқып жатыр. Басым кɵпшiлiгi — «Болашақ» бағдарламасымен оқуға түскен магистранттар. Мұнда біздің Warwick Kazakh Society деп аталатын ұйымымыз бар. Айына кем дегенде бiр рет жиналып тұруға тырысамыз.
Шынымды айтсам, Тәуелсіздік мейрамының мəнiн елде жүрген кезден гɵрi осында түсiнгендеймiн. Бiрнеше күн бұрын Лондонда елшiлiк тарапынан iс-шара өткен. Сабақ кезінде болғандықтан бара алмадым. Тек университеттегі ұйыммен бірге жиналып атап өттік. Бірақ, өкінішке қарай, мұндағы жағдай Қазақстандағыдай емес, мейрамның мәнісін терең түсініп, жоғары деңгейде ұйымдастыру деген жоқ.
Меніңше, Тәуелсіздік күнінің бүгінгі бейбіт заманның құндылығын, оған еліміздің қалай қол жеткізгенін түсінуде, сол арқылы ұлттық рух, бірлік деген ұғымдарды насихаттауда маңызы зор. Дегенмен біз әлі бұл мейрамның мән-мағынасын, құндылықтарын айырып, анықтай алмай келеміз. Тәуелсіздік күні дегенде бірден еске түсетін айқын ассоциация және жыл сайын дәстүрге айналған арнайы атмосфера жоқ. Мысалы, біз секілді көпұлтты АҚШ халқы Тәуелсіздік күніне орай отбасымен бірге пикникке шығып тойлап, кешке қарай мерекені отшашумен аяқтауды дәстүрге айналдырған. Францияда болса, өрт сөндірушілердің дәстүрлі балы өтеді. Үндістанда ұлттық киіммен көшеге шығып тойлап, батпырауық ұшырады. Ал бізде тек форум, конференция, концерттермен шектелген. Сондықтан Тәуелсіздік күнін тек ресми іс-шаралар, концерттер өткізетін мереке емес, расымен де әр адам асыға күтетін отбасылық мейрамға айналдыру қажет деп санаймын. Сондықтан бұл мәселеге қатысты елге оралған соң іске асырмақ бірқатар жоспарым бар.
Тәңірберген Айтжанов, Қытай Халық Республикасы
Мен Шанхайда Шығыс педагогикалық университетінде ғылыми саясаттану мамандығы бойынша магистратурада оқимын.
Бұл университетте Қазақстаннан келген 36 студент бар. Ауызбіршілігіміз мықты. Биыл 24 қарашада университет Мәдениет фестивалін өткізді. Сонда елімізден келген қазақ жастары қазақ мәдениеті мен салт-дәстүрін жоғары деңгейде ұлықтай білді.
Қазақстан студенттер альянсы (KSAC) және Қазақстанның әр қаласынан келген белсенді студенттер Тәуелсіздік мерекесін жыл сайын жоғары деңгейде атап өтеді. Дәстүр бойынша биыл да ұлы мерекеміз тойланбақ. Шанхай, Чанджоу, Ханчжоу, Нанкин, Дальянь, Тиандзинь, Ухань, Дженжаңг қалаларындағы KSAC командасы Чанджоуда жиналып, еліміздің Тәуелсіздік мерекесін атап өтпек. Бұл күннің құрметіне студенттер КВН ұйымдастырып жатыр.
Ал мен биыл Тәуелсіздік күнін Шанхайда оқып жатқан Қазақстанның докторант студенттерімен бірге өткіземін. Басқосуда ғылым көкжиегіне қанат қаққан кәнігі мамандар боп түрлі тақырыпты сөз етеміз. Бір-бірімізге мотивация беріп, оқып, білген-түйгендерімізді айтып, мағыналы әрі салмақты ойларды талқылаймыз. Бұл мерекені көтеріңкі көңіл-күймен өткіземін деп ойлаймын.
Әбіш Кекілбаев «Тәуелсіздік жай ғана айтыла салған сөз емес, ол — ұлттық жауапкершілік» дейді. Меніңше, осы ұлы мерекені тойлау арқылы өткенді ұлықтай отырып, келешекке нық қадам басамыз. Бұл күннің кең көлемде аталып өтуі орынды әрі маңызды. Қазіргі таңда елімізді әлем жұртшылығы таниды. Сенім мен тұрақтылық атмосферасы орнаған, көпұлтты мемлекетте өмір сүру — мен үшін үлкен мақтаныш. Қазақстан этникалық және діни мәселелері бейбіт түрде шешілетін, ішкі қақтығыстары жоқ мемлекеттердің бірі саналатынына қуаныштымын.
Менің елден жырақта жүргеніме биыл — екінші жыл. Бұл мен асыға күтетін ұлы мереке деп айтсам артық болмас. Елде жүрген кезде де Тәуелсіздік күнін жоғары деңгейде тойлайтын едім.
Тәуелсіз елдің азаматы ретінде барша қазақстандықты, Қытайдағы және бүкіл әлемдегі қазақстандық студенттерді Қазақстан Республикасының Тәуелсіздік күнімен құттықтаймын!