Мемлекеттік хатшы 20 адамға «Дарын» сыйлығын табыс етті

Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығын тапсыру рәсіміне қатысты.

Ақорданың баспасөз қызметінің хабарлауынша, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығы 1992 жылдан бері әдебиет, ғылым, дизайн және бейнелеу өнері, журналистика, классикалық музыка, қоғамдық қызмет, спорт, театр және кино, эстрада, халық шығармашылығы сияқты 10 номинация бойынша беріліп келеді. Осы кезге дейін оған 200-ден аса талантты жас ие болды. Бұл сыйлық әр жылдары Аманжол Әлтаев, Дәрмен Сәдуақасов, Максим Здоровец, Мария Мудряк, Денис Тен, Әділ Ахметов сияқты белгілі тұлғаларға, «Ұлытау» шығармашылық ұжымына және басқаларға берілді.

2018 жылы 20 жеңімпазға «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығы лауреаты» атағы беріліп, диплом, төсбелгі және әр номинация бойынша 600 000 теңге ақшалай сыйақы тапсырылды.

Лауреаттар арасында «Көк тудың желбірегені» деген тақырыппен өткен республикалық жас ақындар айтысының жеңімпазы Біржан Байтуов, еліміздің үздік жас флейташыларының бірі Роза Солтыханова, бокстан әлем чемпионы Қайрат Ерәлиев, «Ару-Тас» ЖШС директоры Бекжан Әлімқұлов, Биотехника ұлттық орталығының генетика және биохимия микроденелері зертханасының ғылыми қызметкері Жігер Ақышев және басқа да азаматтар бар.

Рәсім соңында Мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіқалықова лауреаттардың бәріне денсаулық, бақ-береке және ел игілігі жолындағы жұмыстарына табыс тіледі.

Еске салайық, бұған дейін биыл «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығынан 271 адамның үмітті екені хабарланған еді.