ХОК Қазақстанның үш спортшысына Олимпиада медальдерін табыс етеді

Халықаралық Олимпиада комитеті бүгін Ұлттық Олимпиада комитетіне қазақстандық үш спортшыға Олимпиада медалін табыстайтыны туралы ресми хабарлама жіберді. Олар — зілтеміршілер Алла Важенина мен Анна Нұрмұхамбетова және жеңілатлет Ольга Рыпакова. Бұл туралы Ұлттық Олимпиада комитетінің баспасөз қызметі хабарлады.

Халықаралық Олимпиада комитеті мен Спорт арбитраж сотының Тәртіптік комиссиясы 2008 жылы Бейжіңде өткен жазғы Олимпиада ойындарында ауыр атлетикадан 75 келі салмақта бірінші орын иеленген қытайлық Лей Цаоның спорттан шеттетілгенін хабарлаған. Сонымен бірге Халықаралық ауыр атлетика федерациясының қайта тексеруінен соң қазақстандық Алла Важенина Бейжің Олимпиадасының алтын жүлдегері деп танылды.

Алла Важенина
Алла Важенина. Фото: Olympic.kz

Ал Бейжің Олимпиадасында үш қарғып секіруден төртінші орын иеленген Ольга Рыпакова допинг-сынаманы қайта тексерген соң Олимпиаданың күміс жүлдегері деп танылды. ХОК пен CAS Тәртіптік комиссиясы ресейлік Татьяна Лебедева мен грекиялық Хрисопия Деветциді спорттан шеттетті.

Ольга Рыпакова
Ольга Рыпакова. Фото: Оlympic.kz

Ұлттық Олимпиада комитетінің хабарлауынша, 2012 жылғы Лондон Олимпиадасында ауыр атлетикадан 69 келі салмақ дәрежесінде 5-орын иеленген қазақстандық Анна Нұрмұхамбетова Олимпиаданың қола жүлдегері деп танылды. Мұндай шешімді Тәртіптік комиссия Олимпиада ойындарында екінші орын иеленген Марина Шкерманкова мен үшінші орынды иеленген Дзина Сазанавецті спорттан шеттеткен соң қабылдады.

Анна Нұрмұхамбетова
Анна Нұрмұхамбетова. Фото: Оlympic.kz

Осылайша Алла Важенина 2008 жылғы Жазғы Олимпиаданың чемпионы, Ольга Рыпакова Бейжің Олимпиадасының күміс жүлдегері және Анна Нұрмұхамбетова Лондон Олимпиадасының қола жүлдегері атанды.

ХОК медальді табыстау уақыты мен орнын спортшылардың өздері таңдайтынын хабарлады.

Еске салайық, Ольга Рыпаковаға арада біраз жыл өткенде 2008 жылғы Жазғы Олимпиаданың күміс медалі берілгенін бұған дейін хабарлаған едік. Сонымен бірге жуырда — қараша айында ауыратлет Денис Улановқа Ашхабадта өткен әлем чемпионатында Халықаралық ауыр атлетика федерациясының президенті Тамаш Аян 2016 жылғы Рио-де-Жанейро Олимпиадасының қола медалін салтанатты жағдайда табыс еткен болатын.