Денис Уланов 2016 жылғы Олимпиаданың қола медаліне ие болды

Ашхабадта ауыр атлетикадан өтіп жатқан әлем чемпионатында Қазақстанның спортшысы Денис Улановқа 2016 жылғы Жазғы Олимпиаданың қола медалі берілді. Салтанатты шарада медальді Халықаралық ауыр атлетика федерациясының президенті Тамаш Аян табыс етті.

Рио-де-Жанейрода өткен 2016 жылғы Жазғы Олимпиадада Денис Уланов 85 келіге дейінгі салмақ санатында өнер көрсетіп, 390 келіні көтерген еді. Румыния спортшысы Габриэль Синкраян да сондай салмақты еңсерді. Ол қазақстандық ауыратлетке қарағанда жеңілірек болғандықтан қола медальға ие болған еді. Бірақ Синкраян кейін өткізілген допинг-сынақтан өте алмай, спорттан шеттетілді. Енді оның қола жүлдесі Денис Улановқа беріліп отыр.

Эмоциямды айтып жеткізу қиын, арада екі жыл өткенде қолыма медаль тигеніне өте қуаныштымын! Әрине, сезімім Олимпиада тұғырында тұрып алғаннан бөлек, дегенмен медаль тапсыруды салтанатты түрде ұйымдастырғаны, біздің туымызды көтергені — керемет. Жаныма өте жақсы әсер етті! Енді қола жүлдегер екеніме шынымен сендім. Ең әуелі елімізде спорттың дамуына өлшеусіз үлес қосқан Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа, спортқа қолдау көрсеткені үшін Ұлттық Олимпиада комитетінің басшысы Тимур Асқарұлы Құлыбаевқа, жалпы ауыр атлетика саласын дамытуға үлкен үлес қосқаны үшін федерациямыздың президенті Жанат Рашидұлы Түсіпбековке зор алғыс айтқым келеді. Рио алдындағы дау әлі есімде… Біз Олимпиадаға бара алмай да қалуымыз мүмкін еді, бірақ федерациямыздың арқасында төртжылдықтың басты сайысында республикамыздың намысын қорғай алдық. Мен шексіз бақыттымын! — деді Денис Уланов.

ДереккөзVesti.kz