Бұл сұхбатта психолог не айтты?

  • Қазіргі балалардың бойында қандай комплекс жиі кездеседі?
  • Жоқшылық пен ұрыс-керістің бала психологиясына қандай әсері бар?
  • Видеойындар мен гаджеттердің балаға кері әсері бар ма?
  • Балалардың өтірік айтуы, ұрлық жасауы неден?
Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz
  • Қазіргі балалардан қандай комплексті жиі байқайсыз?

Үйдегі ата-анасының жылуын сезінбеген бала сол назарды сырттан күтеді. Кей қыздар өздеріне көңілі толмай, арық болса да диета ұстап, сырт келбетін өзгерткісі келеді. Одан соң олар сырттағы адамдардан әдемі комплимент күтеді. Біреудің таңғала қарағанын, қолпаштағанын аңсап тұрады. Мұның бәрі отбасындағы әке мен ананың балаға жеткілікті деңгейде назар аудармағанынан, баланың өзіне сенбеуінен, өзін бағалай алмауынан туады. Үйде, әсіресе, қыз балаға жақсы сөздер айтып, жылы қабақ танытқан дұрыс.

Баланың бойындағы комплекске әсер ететін тағы бір нәрсе — ата-анасының ажырасуы. Бала ата-анасымен бірге тұрғысы келеді. Тіпті, қайсы жақсы, қайсы жаман деп ойлай алмайды. Анасымен болса, әкесімен бірге уақыт өткізгісі келетінін айта алмайды. Ал анасы балаға әкесін жамандап, оған қарсы қоюы мүмкін. Ненің ақ, ненің қара екенін ажырата білмейтін бала шынымен анасының айтқанына сенеді. Әкесімен бірге болуды қалап тұрса да, анасының айтқанынан шыға алмай, іштей күйзеліске түседі. Ата-аналарға үнемі айтатыным: өз пайдаңызды ойламай, балаға шындықты айтып отырыңыз. Қабылдауыма келетін анасымен тұратын балалар жеке қалғанда әкесін сағынғанын, араласқысы келетінін айтады. Неге бала бұл ойын психологқа ғана айтады? Демек, анасы үйде баласымен сөйлеспейді. Әкесі мен анасының бір-бірін жек көруі балаға тікелей әсер етеді. Бала анасын жақсы көреді, әкесімен де қалғысы келеді. Ортада қалған бала өзін кінәлі сезініп, күйзеліске ұшырап, ауруханаға да түсіп жатады.

Біздің орталыққа келген кей баланың ауруы медициналық емес, психологиялық болып шығады. Баланың өзін жайсыз сезінуі, ауруы психологиясының бұзылуынан болады. Бір балалар тұтынған тамағының бәрін құсып тастайды. Психологияда мұндай жағдайды баланың ағзасының тіл қатуы дейді. Адам біреуді көргісі келмесе, оны айта алмаса, ағза реакция беріп, құса бастайды. Адамның жаны күйзеліске ұшыраса, тәні де күйзеліске түседі. Тәннің де тілі бар, ол құсу арқылы бірдеңенің дұрыс емес екенін білдіреді.

Гүлжәмила Нүсіпжанова
Гүлжәмила Нүсіпжанова. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz
  • Видеойындар мен гаджеттердің бала психологиясына қандай кері әсері бар?

Қорқынышты фильмдерді барлық бала жақсы қабылдамайды. Маған келетін баланың видеойындарды қаншалықты көп ойнайтынын бірден аңғарамын. Олардан «Неден қорқып отырсың?», — деп сұрасаң «Зомбилардан қорқамын, олар көз алдымнан кетпейді», — дейді. Ойынға кіріп кеткені сонша, сол қорқынышты кейіпкерлер көзіне елестейді. Әр ата-ана балам тыныш болсын деп қолына смартфон ұстата салуды доғаруы керек. Балаға күніне жоқ дегенде 15 минутты арнау қиын емес деп ойлаймын. Өзіне сенімсіз келетін және интернетте көп отыратын балаларды спорт үйірмелеріне қатыстырған жөн.

Интернет пен смартфонның зиянын ғана айтқым келмейді. Дұрыс нәрселерді көретін болса, балаға пайдасы көп. Күніне 30 минуттан көп пайдаланған балаға зиян. Біріншіден, ойлау жүйесі тежеліп, өз ойын ашып айта алмайды. Екіншіден, баланың денсаулығына кері әсерін тигізеді. Әжелеріміздің ертегі айтып беруі, анасының күнделікті әңгімелесуі — балаға өте қажет.

Гүлжәмила Нүсіпжанова
Гүлжәмила Нүсіпжанова. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz
  • Баланың өтірік айтуы, ұрлық жасауы, ата-ана мен мұғалімді тыңдамауы неден болады? Мұндай жағдайда ата-ана нені ескеруі керек?

Бала түрлі себеппен өтірік айтады. Өзін жақсы көрсеткісі келуі мүмкін, кінәсін үлкендер ұрсады деп мойындамауы мүмкін. Бірден айғайға салмай, өз балаңыздың тілін таба біліңіз. Бірден ұрыса жөнелмесеңіз, олар бар шынын айтады.

Баланың тыныш отырмауы — «Маған қараңызшы» деп өзіне назар аударуды қалауы. Сол бұзықтық істейтін балалармен сөйлессеңіз, ақылды, дарынды екенін байқайсыз. Бала мұғалімге қарсы сөйлесе, оған қасарыса берудің қажеті жоқ. Мұғалім білікті болса, сол баланы өзіне жақын тартып, қабілетін дамыта түседі. Кей мұғалім мұндай баланы өзінен алшақтатқан сайын бала бұзықтығын доғармайды. Бала ешқашан «Мен сізді жақсы көремін, маған неге қарамайсыз, неге елемейсіз?», — деп айта алмайды. Ол тек іс-әрекетімен көрсетеді.

Анасының әмиянынан ақша алып кететін балаларды ұрлықшыға санайды, ол бала ұрлықшы емес. Жақын тартып, сөйлесіп, затты рұқсатсыз алуға болмайтынын түсіндірсеңіз, бала бұл істі екінші рет қайталамайды. Маған келген сондай балалардан сол ақшаны қайда жұмсағанын сұрасаң, балаларға жейтін нәрселер алып бергенін айтады, яғни бала ақша қажет болғаннан алмаған, ол тағы да анасының назарын өзіне аудартқысы келген. Сол сәтте анасы бірден баламен отырып сөйлессе, мұндай іс екінші, үшінші рет қайталанбас еді.

Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz
  • Жоқшылықты, үйдегі ұрыс-керісті көріп өскен бала қандай адамға айналады?

Бала тек баршылықты көрмеуі керек. Бар жағдайын жасаңыз, «жоқ» дегенді де үйретіңіз. Үлде мен бүлдеге оранып өскен бала үлкейгенде де сондай жағдайды талап етеді. Бір затын алып бермей қойсаңыз, күйзеліске түсуі мүмкін. «Жоқ» дегенді үйренген бала бардың қадірін біліп, жоққа сабырлық танытады. Менің қабылдауыма келетін балалардың арасында бір қыз анасымен базарға барып, әдемі қуыршақтарды көрсе, «Мама, мына әдемі қуыршақтарды кейін бай болғанда аламыз, иә?» деп айтады екен. «Кейін ақша көп болғанда алып беремін» деп баланың көңіліне үміт ұялата білу де оның позитив ойлауына себеп болады.

Баланың жаны нәзік. Көп жағдайда балалардың психологиялық проблемасы осы үйдегі ұрыс-керістің салдарынан болады. Ата-анасы татуласып кеткенімен баланың көңілінде жағымсыз сәт қалып қалады. Қазіргі ата-аналар білімді. Олар ұрыс-керісті балаға көрсетпеу керек екенін біледі. Бірақ үйдегі ұрысты көрмей өсіп келе жатқан бала бір күні ата-анасының айғайласып жатқанын көрсе, қорқып, күйзеліске түседі. Ата-ана жеке бас проблемасын балаға артпауы керек.

Гүлжәмила Нүсіпжанова
Гүлжәмила Нүсіпжанова. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz
  • Баланы үйдің тұңғышы, ортаншысы, кенжесі деп қараған қаншалықты дұрыс?

Өзім маман ретінде бұл нәрсені құптамаймын. Үйдегі бірге өсіп келе жатқан балаларға бірдей қарау керек, ешқашан балаларды бөліп жармаңыз. Тұңғыштар — көбіне лидерлер, олар өздеріне сенімді келеді. Кенжелер психологиялық проблемамен көп келеді. Себебі көбі кенжені үлкейіп, бала-шағалы болса да, «Ой, үйдің кенжесі, еркесі» деп қабылдайды. Кейде мұндай балалар «Мен кішкентай емеспін» деп бөлек кетіп, жеке өмір сүріп кетеді, үйдің кенжесі деген сөзден құтылғысы келеді. Ата-ана кенже баланың отбасындағы ролін ұмытып кетеді. Кішкентайынан «Сен осы үлкен шаңырақтың иесісің, ертең бізді асырап, бауырларыңа қолғабыс боласың» деп өсірсе, ол отбасындағы өз ролін біліп, өзіне, күшіне сенімді болып өседі.

Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Баланың әр ісіне, сөзіне, араласатын достарына, ортасына мән беріп, біліп жүрген абзал. Тек жақсы нәрсені көріп, біліп өссін деу — қате. Балаға өмірде жамандықтың да бар екенін түсіндіру керек. Үлкендерді сыйлауды үйретіңіз, бірақ ересектердің бәрі жақсы емес екенін білсін. Балаға аса көп көңіл бөліп, шектен тыс еркелету де дұрыс емес. Еркелеп өскендер үлкейгенде елдің қолпашына зәру болады. Бұл бала мектепке барғанда қиналады, үйдегідей көңілді мұғалім бөле алмайды, ол бәріне жетпейді.

Баланы құрсақтан тәрбиелеңіз. Қазіргі жас ата-аналарға риза боламын. Олар жаңашыл, ашық. Балаларымен іште жатқанда-ақ сөйлеседі. Олар баланың қандай болатыны өз қолында екенін біледі. Димаш Құдайбергенге қараңыз, ата-ананың еңбектенгені, қолдағаны көрініп тұр ғой. Талантты, жетістікке жеткен адамдардың артында ата-ананың еңбегі тұр. Мұндай ата-аналар — балаларының психологиясын зерттей білгендер. Бала үшін идеал — әкесі мен анасы. Жақсылықты да, жамандықты да солардан көреді. Әр ата-ана өз баласына идеал бола білуі керек.

Ең сенімді достар — балалар. Оларға «Осы нәрсе тек екеуіміздің ортамызда қалсын», — десең, құпияны сақтай алады. Баланың сеніміне кірсеңіз, көңілінің кілтін табуға болады. Мен кез келген баланың көңілін таба аламын деп есептеймін. Бұл көпжылдық тәжірибемнің арқасында келді. Балалармен уақыт өткізгенді ұнатамын, олар жаман болмайды. Олар — ең мейірімді, жүрегі нәзік жандар. Балалар әрқашан үлкендердің көмегіне зәру.

Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Гүлжәмила Нүсіпжанова бос уақытының бола бермейтінін, бола қалса, табиғат аясында уақыт өткізгенді ұнататын айтты. Тауға, саябаққа отбасымен барып, табиғатпен үндестікте демалғанды жақсы көреді. Демалыстан басқа уақытының бәрін балалармен өткізеді.

Құпияны ересектерден гөрі балалар жақсы сақтайды,- дейді маман.