Биік тау басындағы көл шамамен 8-10 мың жыл бұрын тау көшкінінен соң пайда болған. Таудан аққан Есік өзені көлге құйып, көлдің табиғи қалпын қанша жылдан бері сақтап келеді.
Алматының шығысынан 70 шақырым қашықтықта, теңіз деңгейінен 1756 метр биікте жатқан Есік шатқалында Есік көлі бар. Көл Іле Алатауының теріскей баурайында, Есіктен оңтүстікке қарай 17 шақырым жерде орналасқан. Суы мөлдір әрі көгілдір түсті.
Жағалау бойында өсіп тұрған Тянь-Шань шыршасы көлге ерекше көрініс береді. Көлдің жартасты жиектерінде жанаргүл мен ақселеу өседі. Еңлікгүл, қызғалдақ пен шыршаның бейнесі тұнық көлдің бетіне түсіп, өте әдемі көрінеді. Есік көлінің суы жаңбыр жауса біраз уақыт қоңырқай тартып, кейін қалпына келеді. Бұл — көлге таудан құлаған селдің лай суы.
1939 жылдан бері Есік көлінің жағалауында туристерге арналған демалыс орындары мен балалар лагері жұмыс істейтін. Көлдің табиғи көрінісі демалыс орнының жарнамасына айналды. Түрлі плакат, күнтізбе мен маркаларға басылып, кітаптарда жарияланды.
1963 жылғы 7 шілдеде Есік көлінде табиғи апат болды. Көл деңгейінен едәуір жоғарыда тұрған Жарсай мұздығының шеткі бөлігі опырылып құлап, суқойманы қиратқан. Апаттан мыңға жуық адам зардап шеккен. Демалыс үйлері мен балалар лагерінің де тас-талқаны шыққан. Сонымен бірге тау өзені саналатын Құлжаның да арнасы бұрылып, тасжолдарды шайып кеткен еді.
Бұл — Кеңес Одағындағы ең ірі су тасқынының бірі болды. Осы апатқа дейін көл тереңдігі 50-79 метр болатын. Қазір судың деңгейі әлдеқайда төмен. Маусымға байланысты өзгеріп отырады. Соған қарамастан көлде бақтақ балығы бар.
Қазір көлді биіктігі 50 метрлік бөгет ұстап тұр. Иірімі көп болғандықтан көлге шомылуға болмайды. Бірақ мұндағы табиғат көрінісі саяхатшыларды қызықтырады.