Софт-теннистің (soft-жұмсақ) қарапайым теннистен айырмашылығы добының жұмсақ болуында. Теннистің бұл түрі Азияда кең тараған, әсіресе Жапония, Тайвань, Оңтүстік Корея, Таиланд  және Филиппин елдерінде.

Еркежан мен Асылжан осыған дейін Өзін-өзі тану гимназиясында оқып, желтоқсан айынан бастап Қаркен Ахметов атындағы  дарынды балаларға арналған спорт мектебіне ауысты. «Спорт мектебінде сабақ пен теннисті бірге алып жүру оңайырақ болады», — дейді теннисші қыздардың әкесі Ғалымжан Арыстанбеков.

Теннисші қыздар және олардың әкесі бұл сұхбатта не айтты?

  • Тенниспен алғаш айналысқан кездегі қатысқан турнирлері туралы;
  • Үлгі тұтатын теннисшілері және олардың ойнау стильдері туралы;
  • Өздерінің ойын кезінде қолданатын тактикалары туралы;
  • Жоспарлары.

Үйдің үлкені Еркежан география, ағылшын тілі және тарих сабақтарын жақсы көреді. Ол сабақ пен теннистен тыс уақытта смартфонды белсенді қолданатынын айтты.

Еркежан, теннис — адамның психологиялық тұрақтылығын, мінезін қалыптастыруға септігін тигізетін спорт. Ойын кезінде қарсыласыңның психологиясын зерттейсің бе?

Психология теннисте ауадай қажет. Физика әрі техника жағынан мықты болып тұрып, психологиядан әлсіз болсаң, ұтылу қаупі басым деген сөз. Сондықтан әуелі моральдық тұрғыдан дайын болу шарт. Ойын кезінде допты түсіріп алған сәттерді тез ұмытып, ештеңеге қарамай ойынға кіріп кетуің керек. Еліміздегі турнирлерге 9 жасымнан бастап қатыстым. Теннис — мен үшін әдемі спорт. Болашағымды осы ойынмен байланыстырамын. Теннистен басқа дзюдоға қатысып көргенмін, суда жүзе аламын. Бос уақыт болғанда дайындықтан кейін «Медеуге» барып, баспалдақпен көтеріліп, шынығамыз. Ағылшын тілінен қосымша сабақты үйде өтеміз. Демалыстарда отбасымызбен тауға шығамыз немесе жай ғана бірге тамақтанып қайтамыз. Уақыт бола қалса, әлеуметтік желілерде отырамын.

Еркежан Арыстанбекова
Еркежан Арыстанбекова. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Ойнау стилің қандай?

Мен допты ұстап тұрғанды жақсы көремін. Құмдағы теннисте допты ұстап тұрамын, ал хардта (бетонда ойнайтын теннис) шабуыл жасаймын. Ойын енді басталған кезде қарсыласымды зерттеймін, қай жағымен ұрғанда әлсіздік танытады, соған байланысты тактика қолданамын. Жүгіргеннен шаршап қалса, көп жүгіртіп, әбден шаршатуды ойлаймын. Егер маған доп қысқа келсе, бірден шабуылдаймын.

Әлемдік теннистен сербиялық Ана Иванович ұнайды. Мен соның стилімен ойнауға тырысамын, өзі де, қылықтары да өте әдемі. Ол жақында ғана теннистегі карьерасын аяқтады. Анамен қоса, Симона Халеп, Мария Шарапова, Серена Уильямс, Каролина Возняцкидің ойындарын интернеттен қараймын.

Оңтүстік Кореяда теннистің деңгейі жақсы дамыған әрі қала өте әдемі. Біз бірнеше елмен жарыстық, тек жартылай финалда Жапония бізден басым түсті. Жапония софт-теннистің отаны саналады. Дегенмен бірінші рет барған спортшыларға 3-орын жаман нәтиже емес деп ойлаймын.

Еркежан Арыстанбекова
Еркежан Арыстанбекова. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Асылжан, алғаш теннис ойнаған кезіңді айтып берші?

5 жасымда мені әкем осы академияға алып келді де, «Теннис ойнайсың ба?», — деп сұрады. Мен бірден келістім. Алғашында жыладым, ойнай алмағаннан емес, басқа балалардың менің добымды алып қоя бергенінен.

Қандай атақты теннисшілерді үлгі тұтасың?

Ойын кезінде мен тезірек алға шыққанды ұнатамын. Бұл дегеніміз — бірінші шабуыл жасау. Еркежан көбіне допты ұстап тұрады, қарсыласының қателескенін күтеді. Мен болсам, жиі тәуекел етемін. Біз Еркежан екеуіміз жеке де, жұп болып та ойнай береміз. Екеуінің айырмашылығы жоқ. Дегенмен жұптық ойын жеңілірек, қасыңда адам болған соң қобалжу да аз болады.

Симона Халеп — үлгі тұтатын теннисшім. Оның бойы менікіндей қысқа әрі ойнау стильдеріміз ұқсас. Агнешка Радваньская әртүрлі тактикамен ойнай алады, маған сонысы ұнайды. Ол көбіне шабуылды өзі бастайды, сетқа шығады.

Мектептегі пәндерден дене шынықтыру мен алгебра ұнайды. Сабақтардың көбі маған ұнамайды, адамға ең керегі спорт пен математика деп ойлаймын. Арасында үйде әкемізбен бірге боксты үйренеміз. Арнайы қолғаптарды киіп алып, жаттығамыз.

Турнирлерге жиі қатысамыз. Әр турнир сайын теннисші өседі. Олардың көбі Қазақстанда өтеді, ал Кореяға біз алғаш рет бардық. 2019-да Таиландта турнир өтеді, қазір соған дайындалып жүрміз.

Асылжан Арыстанбекова
Асылжан Арыстанбекова. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Біз сұхбат алуға барғанда қыздар теннис ойнап жатты. Сол себепті Ғалымжан Арыстанбековті әңгімеге тарттық.

Ғалымжан Арыстанбеков бұрын өнер жұлдыздарының басын біріктіріп, «Алатау» футбол командасын құрған. Сол командадағы эстрада әншілері енді теннисте өздерін сынап көрмекші. Сонымен бірге теннисші қыздардың әкесі — «Асыл» тобының продюсері.

Алғашқы кезбен салыстырғанда қыздарыңыздың бүгінгі аяқ алысы қалай?

Күнделікті сабақтан соң қыздар екі сағат «Мақсат» теннис академиясына келіп жаттығады. Аптасына алты күн осындамыз, мен қастарында боламын. Жақында ғана жасөспірімдер арасында ForteBank турниріне қатысып, Асылжан 1-орын алды. Оңтүстік Кореядағы турнирге теннис федерациясынан шақыру келді. Қазақстан тарихта бірінші рет Оңтүстік Кореядағы жарысқа қатысып, қыздарым жақсы нәтиже көрсетіп қайтты. Бұрыннан спортқа жақынмын, алғашында тенниске өзім келіп, кейін қыздарымды алып келдім. Кешке дейін қыздарымның қасында боламын, түнде танымал өнер жұлдыздарымен ойнаймыз. Негізгі мамандығым — инженер-механик.

Ғалымжан Арыстанбеков
Ғалымжан Арыстанбеков. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Қазір Қазақстанда теннис мектептері көп, турнирлер де жиі ұйымдастырылады. Бұрын теннисшілеріміз өзіне мықты қарсылас іздейтін, шетелге баратын. Қазір өз араларында бәсекелестік бар, жас теннисшілер өсіп келе жатыр. Алматы мен Астананы қоспағанда, басқа аймақтарда тенниспен айналысам деген балаға мүмкіндік жасалады. Тегін жаттығуына, форма мен құралдарын алуына мүмкіндік бар. Еркежан мен Асылжанды теннис федерациясына шақырған еді, мекенжайы бізге алыс, жетуге қолайсыз болды.

Софт-теннистің кәдімгі теннистен айырмашылығы добында. Теннистің бұл түрін болашақта Олимпиада ойындарына қосады, Азия ойындарына қосып үлгерді. Желтоқсанның 17-сінде Шымкенттегі турнирге қатысамыз.

Қыздарымның теннисті сабақпен қатар алып жүруі үшін жағдай жасаймын. Бұған қосымша ағылшын тілін оқиды, репетитор үйге келеді. Шетелге турнирлерге барып жүрген соң ағылшын тілін білгені дұрыс.

Жасұлан Арыстанбеков
Жасұлан Арыстанбеков. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Еркежан мен Асылжанның Жасұлан, Сұлтан есімді інілері бар. 6 жасар Жасұланның теннис ойнағанына 2 жыл болыпты. Осы уақыттың ішінде ол 10 рет турнирге қатысып, оның бесеуінде 1-орын алған. Теннисті жақсы көретін Жасұлан әпкелеріне еріп, академияға күнде келеді. 1-сынып оқушысы тенниспен бірге футболды да ойнайды. «Қайсысын жақсы көресің?»,-деген сұраққа ол: «Екеуін де жақсы көремін», — деп жауап берді. Болашақта танымал теннисші болғысы келеді.