Нұрсұлтан Назарбаев «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты үндеуін таныстырған кезде биыл білім берудің жаңартылған мазмұнына көшкен мұғалімдердің лауазымдық жалақысы өсетінін айтқан еді. Ал 5 қазанда жария еткен Жолдауында мұғалімдер мәртебесін айқындайтын заң қабылдауды тапсырды.
Алматыда жыл басынан бері жаңаша білім беруге кіріскен Алматы мұғалімдерінің 70%-ның жалақысы 30%-ға өсті. Бұл туралы мегаполис басшысы Бауыржан Байбек үздік педагогтарды марапаттау салтанатында айтты.
Әкімнің мәліметінше, Алматыда тәуелсіздік жылдары Мемлекет басшысының қолдауы арқасында 117 оқу орны салынды. Соңғы бес жыл ішінде ғана оңтүстік астанада білім саласын қаржыландыру 37%-ға өсті, яғни 27 миллиард теңгеге жетті. Қаланың педагогтар қауымдастығымен кездесу кезінде Бауыржан Байбек білім саласының инфрақұрылымын дамытуға ерекше назар аударылып отырғанын да айтты. Биылдың өзінде ғана құрылыс пен күрделі жөндеу жұмыстарына 17 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді.
Қала әкімі Президенттің Жолдауын жүзеге асыру аясында Білім және ғылым министрлігінің «Педагог мәртебесі туралы» және «Оқушы мен мұғалімнің жүктемесін азайту бойынша бірқатар заң актілеріне өзгерістер мен қосымшалар енгізу туралы» заңдардың жобасын дайындағанын айтты. Бауыржан Байбек педагогтар мен ата-аналар қауымдастығын осы заң жобаларын талқылауға белсенді қатысуға үндеді.
Ең маңыздысы, жобадан қазақстандық педагогтар өз жұмысының жоғары бағаға ие екенін, білім саласында туындаған барлық мәселеге, оқушылар мен мұғалімдерге жете назар аударылатынын көрді. Сіздердің қаланың білім саласын дамытуға қосқан үлестеріңіз өте жоғары, жауапты әрі қиындығы мол ұстаздық қызметтеріңізге алғыс айтамын. Оқушылардың түрлі білім сайысында биік жеңістерге жетуі мен жеке кәсіби біліктіліктеріңіз жұмыстарыңыздың сапасын айқындай түседі, — деді Бауыржан Байбек.
Айта кету керек, 1 қыркүйектен бастап ұлттық кәсіби тестілеуден өткен 1293 мұғалімнің еңбекақысына тұңғыш рет 30 дан 50%-ға дейін үстемеақы қосылатын болды. Сонымен бірге екінші жыл қатарынан физика, химия, биология мен информатика пәндерін ағылшын тілінде оқытатын мұғалімдерге қызметтік жалақыға қоса 200% көлемде үстемеақы төленеді.