Басты бетЖаңалықтарБауыржан Байбек...

Бауыржан Байбек шетелдік қонақтарға толықтай қазақ тілінде баяндама жасады

Алматының инвестициялық мүмкіндіктерін талқылау мен іскерлік қатынастар орнатудың дәстүрлі алаңына айналған VI халықаралық Almaty Invest форумына 20 мемлекеттен келген қонақтар қатысып жатыр. Шетелдік меймандар алдында қала басшысы қазақ тілінде баяндама жасады.

Алматы — шикізаттық емес экономикасы 35 миллиард доллар болатын Орталық Азиядағы ең дамыған мегаполистердің бірі. Алып шаһар еліміздің жалпы ішкі өнімінің бесінші бөлігін және салық түсімінің төрттен бірін береді. Жалпы өңірлік өнім жан басына шаққанда 20 мың доллар болды. Қаламызға халықаралық компаниялар инвестицияны белсенді құйып жатыр. 10 жылда Алматыға 22,2 миллиард доллар инвестиция тартылған болса, оның 3,5 миллиарды — шетелдік инвестиция. Биыл инвестиция көлемі 21%-ға, соның ішінде шетелдік инвестициялар 24%-ға артты, — деді Бауыржан Байбек.

Бауыржан Байбектің айтуынша, тәуелсіздік жылдарында мегаполис экономикасы 100 есе, халық табысы 21 есе артты. Қала экономикасының 86%-ы — сауда және қызмет көрсету саласының үлесі. Шағын және орта бизнестің үлесі — 40%, яғни Алматыда мұнайдан тәуелсіз тұрақты экономика қалыптасқан. Джинни индексі – 0,29, бұл – бірқатар еуропалық елдер көрсеткішінен төмен. Қала экономикасындағы мемлекеттің үлесі — 2,4%.

Нұрсұлтан Назарбаевтың «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа үндеуінде  шағын және орта бизнесті дамытып, сапасын арттыру мақсатында «Шағын несие беруді көбейту» туралы төртінші бастамасын ұсынды. Бауыржан Байбек Алматының шағын және орта бизнесі үлесінің жақсы нәтиже көрсетуі Президент ұсынған төртінші бастамаға да тікелей қатысты екенін айтты.

Алматыда 300-ден астам ірі салық төлеуші ​​компанияның үштен бірі, 30-дан астам трансұлттық компания, еліміздегі банктердің 90%-і, бірлескен кәсіпорындардың 43%-і және ірі халықаралық ұйымдар орналасқан. Жақында Біріккен Ұлттар Ұйымының 14  арнаулы агенттігі үшін ұйым хабының жаңа ғимараты ашылды.

Бауыржан Байбек Қазақстан тұрғындарының 10%-дан астамы, агломерациямен қоса есептегенде 3 миллион халық Алматыда тұратынын айтты. Халықаралық консультанттардың бағалауы бойынша 2035 жылға қарай халық саны 2 есеге жуық өседі.

Осыған орай алғашқы 15 жылда бізге еңбек өнімділігін кем дегенде 2 есе арттыруға, экономиканың жыл сайынғы өсімін 5%-дан кем емес деңгейге және қосылған құны жоғары және экспорттық әлеуеті бар зияткерлік секторларда 700 мыңнан астам жұмыс орнын ашуға қол жеткізуіміз қажет, — деді Алматы әкімі форум қатысушыларына арналған сөзінде.

Әкім Алматының негізгі 4 бәсекелестік артықшылығын атады. Олар:

қолайлы бизнес орта;

дамыған инфрақұрылым;

туристерге тартымды, қонақжай, көпмәдениетті орта;

адам капиталының жоғары сапасы.