Басты бетЖаңалықтарАлматы облысында...

Алматы облысында биыл 650 мың шаршы метр баспана пайдалануға берілді

Алматы облысында 2018 жылы 706 мың шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланса, өткен 10 ай ішінде соның 649,8 мың шаршы метрі пайдалануға берілген.

Облыс әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, биылғы жоспар 2017 жылмен салыстырғанда 109%-ды көрсетіп отыр. Ал Талдықорғанды бөліп айтар болсақ, мұнда салынатын тұрғын үйді биыл 91 мың шаршы метрге жеткізу көзделген.

Облыстық құрылыс басқармасының мәліметінше, әлеуметтің әлжуаз топтары санатындағы тұрғындарды баспанамен қамту мақсатында Талдықорғанда жалға берілетін және коммуналдық үйлерден 124 пәтер бөлу жоспарланған болса, соның 60 пәтеріне бүгінде жаңа иелері қоныстанып отыр.

Ал 2019 жылы қаржыландырудың барлық көзі есебінен 763,1 мың шаршы метр тұрғын үй тұрғызу жоспарланып отыр. Талдықорғанға соның 120 мың шаршы метрі тиесілі болмақ. Облыс орталығы тұрғындарының баспанаға деген қажеттілігін қамтамасыз ету мақсатында 2019 жылы кезекте тұрғандар үшін 570 пәтер беріледі.

Сонымен қатар «7-20-25» бағдарламасы аясында коммерциялық тұрғын үйлерден 300 пәтер пайдалануға беріледі. Мемлекеттік тұрғын үй бағдарламалары Алматы облысының халқын қолжетімді баспанамен қамтуға ықпал етіп жатыр.