Талдықорғанда ректорлардың халықаралық форумы өтті

Алматы облысы әкімі баспасөз қызметінің хабарлауынша, форумның алғашқы күнінде білім беру саласындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Ал екінші күні «Қоғамдық сананы жаңғырту — Қазақстанның қарқынды дамуының негізі» тақырыбында халықаралық ғылыми-практикалық конференция өтті.

Ректорлар Орталық Азия мен Еуроодақ мемлекеттерінің жоғары оқу орындарын дамыту, оқу процесін цифрландыру, тәжірибе алмасу, халықаралық қатынастарды нығайту, бірлескен оқу бағдарламаларын әзірлеу және ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізу мәселелерін талқылады.

Екі күнге созылған форум «Болашақтың университеті: цифрлау және академиялық дәстүрлер» ұранымен Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінде өтті. Форумға Қазақстан, Эстония, Латвия, Польша, Венгрия, Өзбекстан, Қырғызстан және Ресейден келген 16 ректор қатысты.

Даугавпилс университетінің ректоры Ирэн Кокина «Еуропалық университеттерді цифрландыру және интернационалдандыру» тақырыбында, ал Паллас Валерия Нууста Эстонияның үлгісінде жоғары оқу орындарындағы құрылымдық реформалар туралы баяндама жасады. Жоғарғы оқу орнының халықаралық ынтымақтастық жөніндегі проректоры Дырка Стефан Катовицада баяндамасын «Ғылым саласындағы бұқаралық коммуникацияның жаңа реформалары» тақырыбында дайындаған.

Қырғызстанның білім беруді интернационалдандыру және цифрландыру саласындағы тәжірибесі туралы Кувейт Халықаралық университетінің ректоры Асан Ормушев айтты. Ал Алматы менеджмент университетінің бірінші проректоры Алмагүл Қанағатова баяндамасында «Цифрландыру және қазіргі заманғы университет» мәселесін көтерді. Ілияс Жансүгіров атындағы ЖМУ-дің жоспарлау және цифрландыру департаментінің өкілі білім беруді цифрландыру туралы хабарлады.

Форум соңында Ілияс Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінің ғимаратында Еуропалық білім беру орталығы ашылды.