Nurtas Prodaction отандық киноиндустрияға тағы бір өнім қосты. Фильм «Тараз» деп аталады.
Фильм прокатқа шықпай тұрып, 5 бірдей халықаралық кинофестивальде бағын сынап көрмек. Бұл туралы Нұртас Адамбаев өзінің Фейсбуктегі парақшасына: Біздің «Тараз» деп аталатын жаңа фильміміз ауқымды прокатқа шықпай тұрып, кинофестивальдерге саяхатын бастап кетті! Бес халықаралық кино фестивалін ұйымдастырушылар біздің картинамызды байқау бағдарламасына қабылдады»,-деп жазды.
Адамбаевтың айтып отырған 5 кинофестивалі:
- San Francisco International New Concept Film Festival (АҚШ)
- Hamilton Film Festival and Canadian Film Market (Канада)
- Gallup Film Festival (АҚШ)
- Princeton Independent Film Festival (АҚШ)
- Festival Internacional de Cine de Autor (Мексика).
Адамбаевтың бұл туындысында әзіл-қалжыңға орын жоқ. Себебі, фильм криминалдық-әлеуметтік драма жанрында түсірілген. Сюжет 3 достың тағдыры туралы өрбиді.
«Әр кейіпкерімнің бойында туған қаламның рухы болуы керек. Мен Таразда өстім. Кішкентай кезімде оқушылар мектепке суық қарумен баратын, ал дәлізде полицейлер күзетіп тұратын. Алматыға келгенде мүлде кереғар тіршілікке тап болдым. Әрине, қазір Тараз өзгерген, қауіпсіз. Алайда, уақыт өз естелігін қалдырды. Тараз мені жамандыққа үйреткен жоқ, керісінше, мені шыңдады»
Күрделі мәселелерге шырмалған достардың оқиғасы Тараз қаласында түсірілген. Басты кейіпкерлерді Нұртас Адамбаевпен бірге Еркебұлан Дайыров, Асан Мәжит сомдайды. Фильмде Гүлназ Жоланова да бой көрсетеді.
Фильм 6 қазан күні прокатқа шығарылады.