Басты бетЖаңалықтарРесейден жеткізілген...

Ресейден жеткізілген тауық етінен сальмонелла табылды

ҚР ДСМ Қоғамдық денсаулық сақтау комитеті Ресей мен Беларусьтен жеткізілген құс еті өнімдерінің гигиеналық нормативтер мен техникалық регламенттер талаптарына сай келмейтінін анықтады. 

Мамандардың мәліметінше, Ресейдің «Бройлерное производство» ЖШС» Магнитогорск құс өсіру кешені өндірген сорпа жиынтығының (балапан-бройлер етінен жасалған жартылай фабрикаттар) сынамаларынан сальмонелла (Salmonella С тобы) текті бактериялар анықталды. Сонымен бірге Беларусьтің «Смолевичи Бройлер» ААҚ өндірген балапан-бройлердің «Микс» жартылай фабрикаты мен Ресейдің «СПК Курников» ЖШҚ өндірген «Натуральный» құс еті фаршы сынамалары да микробиологиялық көрсеткіштер бойынша талапқа сай келмей шықты. 

Қазіргі уақытта гигиеналық нормативтер мен техникалық регламенттерге сай келмеген өнімдер сауда объектілерінен алынып, әкімшілік сипаттағы шаралар қабылданып жатыр. 

Комитет заңсыздықтардың туындауына ықпал ететін себептерді анықтау үшін эпидемияға қарсы бірнеше іс-шара жүргізгелі отыр.

Дүкен сөрелерінде талапқа сәйкес келмейтін өнімдер анықталған жағдайда жазбаша немесе 8 (7172) 74 27 04  нөмірі бойынша Комитетке және оның аумақтық департаменттеріне жүгінуге болады (әр өңірдің Қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің байланыс деректері kooz.dsm.gov.kz/ru сайтының аумақтық департаменттер бөлімінде көрсетілген), — делінген Қоғамдық денсаулық сақтау комитетінің баспасөз қызметі таратқан хабарламада.