Диетологтың айтуынша, адамға тамақтану тәртібін сәби кезінен бастап үйретуді төрт кезеңге бөліп қарастыруға болады:
0-6 ай аралығы
Бала туған кезінен бастап алты айға дейін ана сүтімен қоректенеді. Ана сүтінің құрамында ақуыз, май, көмірсутек, су бар. Сондықтан сәбиді анасы тамақтандыра алатын болса, мүмкіндігінше оған түрлі қоспаны бермегені жөн. Сәби үшін ең құнарлысы — ана сүті. Анасы денсаулығына байланысты баласын өзі тамақтандыра алмаса, қоспаларды пайдалануға тура келеді. Олардың да құрамында балаға қажет құнарлы заттар бар екенін айта кету керек.
Артық салмақ қосу аурудың бір түріне айналып барады. Бұл адамның сәби кезінде анасының сүтімен емес, арнайы қоспалармен тамақтанғанын білдіруі мүмкін. 7-8 айға дейін балаға ұннан жасалған тағамдарды беруге болмайды. Бұл кезде баланың асқорыту жүйесі ұн өнімдерін қорытуға дайын болмайды. Сонымен қатар ұн тағамдарының құрамындағы ашытқы мен қант баланың денсаулығына кері әсер етеді. Тек бала 8 айдан асқан соң оған нанды күніне 8 грамнан беруге болады.
6-12 ай аралығы
Екінші кезең — алты айдан 12 айға, яғни бір жасқа дейінгі кезең. Бұл кезеңде балаға анасының сүтімен бірге ботқа мен көкөністі, етті, сүтті тағамдарды ай сайын әр түрінен беріп отыру қажет. Көкөністі брокколи мен сәбізден бастап езбе түрінде, етті баланың асқазанына жеңіл болуы үшін тауық етінен бастап беру керек. Бала үш жасқа толғанша оған мүмкіндігінше ешкінің сүтін берген дұрыс. Ешкі сүті ана сүтін алмастыра алады. Үш жасқа дейін балаға сиыр сүтін ішкізуге болмайды, асқазанына ауыр болады.
12-24 ай аралығы
Үшінші кезең — 12 мен 24 айдың аралығы. Бұл кезде балаға қатты тағамдарды үккіштен өткізіп бере беруге болады. Күнделікті тағамда ақуыз массасы 36 грамм, май 40 грамм, көмірсутегі 174 грамм болуы керек. Көбіне ата-аналар бала 1 жасқа толғанда тәттілерді бере бастайды. Негізінде 1-2 жасар балаларға тәттілерді, фастфуд өнімдерді беруге болмайды. Бұл кезде оның ағзасы қалыптасып жатады.
24-36 ай аралығы
Келесі кезең — 24 пен 36 айдың аралығы. Бала екі жастан асқанда оған 20 тіс шығады. Мүмкіндігінше күніне 4-5 рет тамақтандырған дұрыс. Баланың бір күнгі азығының құрамында ақуыз 42 грамм, май 47 грамм, көмірсутек 200 грамм болуы керек.
Екі жастан бастап бала барлық дәмді жақсы айыра алады, тамақты таңдай біледі. Осы кезде оған қанттың орнына бал беріп, күнделікті рационын пайдалы тағамдармен мейлінше алмастырып отырған дұрыс. Баланы анасы екі жасқа дейін емізуі керек. Ал алты жасқа дейін күнделікті тағамға дәрумендер, минералдар, биологиялық белсенді қоспалар міндетті түрде қосып отырыңыз.