Нұрсұлтан Назарбаев Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышевті қабылдады. Президент Ұлттық банк төрағасының баяндамасынан бұрын қазақстандықтарды ұлттық валютамыз — теңгенің 25 жылдығымен құттықтады.
Барша қазақстандықты және қаржы секторының бүкіл қызметкерлерін төл теңгеміздің 25 жылдығымен құттықтаймын. Күрделі кезеңдерді еңсердік. Теңгені енгізу арқылы Қазақстанның қаржылық тәуелсіздігіне жол аштық. Қазір біз дамудың жаңа кезеңіне қадам бастық, — деді Мемлекет басшысы.
Ұлттық банк төрағасы Президентке валюта-қаржы нарығындағы қазіргі ахуал мен еліміздің экономикалық дамуының негізгі көрсеткіштері туралы мәлімдеді.
2018 жылғы қазан айында инфляция соңғы 3 жылдағы ең төменгі 5,3% деңгейінде болды. Жыл басынан бергі инфляция 3,7% болды. Біздің 2018 жылға жасаған болжамымыз бойынша оның деңгейі 5-тен 7%-ға дейінгі аралықта болады, — деді Данияр Ақышев.
Ұлттық банк төрағасы Мемлекет басшысына инфляцияның қазіргі деңгейіне ықпал ете алатын негізгі факторлар жөнінде айтты.
Біріншіден, бұл — экономикадағы инфляциялық қалыпты сақтау. Біз бағаның өсуіне жол бермеу үшін Үкіметпен бірлесе жұмыс істеп жатырмыз. Бағаның субъектив факторлардың ықпалымен өзгеріп отырған нарықтарды анықтау үшін белсенді жұмыс жүргізіл3п жатыр. Екінші фактор — біздің сауда саласындағы серіктестеріміз саналатын елдердегі ахуал, — деді Данияр Ақышев.
Ұлттық банк басшысы Президентке ұлттық валюта бағамы төңірегіндегі жағдай жөнінде мәлімдеді. Оның ақпараты бойынша қуат көздерінің қазіргі уақыттағы құны қалыпты, бұл айырбас бағамының тұрақтылығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Данияр Ақышев еліміздің алтын-валюта резервінің ахуалы туралы баяндады. Қазан айының соңына қарай алтын-валюта резервінің көлемі 29 миллиард долларға жетті. Ал ұлттық қордың шетелдік валютадағы активтері 57 миллиард долларға жуықтады. Кездесу соңында Нұрсұлтан Назарбаев бірқатар нақты тапсырма берді.