XIV Шәкен Айманов халықаралық кинофестивалі аясында отандық үздік туындыларға Қазақстан кинематографистері одағы атынан «Құлагер» ұлттық жүлдесі берілді.

Ұлттық "Құлагер" жүлдесін табыстау рәсімі
«Құлагер» ұлттық жүлдесін табыстау рәсімі. Фото: Кинофестиваль ұйымдастырушылары

Салтанатты шараға Қазақстан мен алыс-жақын шетелдің танымал киножұлдыздары жиналды. Марапаттау рәсімінде олар қазақ кинематографына үлес қосқан тұлғаларды еске алды.

Ұлттық "Құлагер" жүлдесі
Ұлттық «Құлагер» жүлдесі. Фото: Кинофестивальдің баспасөз қызметі

Көркем фильм жанры бойынша номинациялар:

  1. Үздік продюсер – Арман Әсенов («Алмас қылыш»)
  2. Үздік оператор – Азамат Дулатов («Лифт»)
  3. Үздік сценарий – Серік Апырымов («Әкеге қоңырау шалу»)
  4. Үздік композитор – Қуат Шілдебаев («Түрксіб»)
  5. Үздік актриса – Самал Еслямова («Айка»)
  6. Үздік актер – Дулыға Ақмолда («Оралман»)
  7. Қазақ киносына қосқан үлесі үшін – Қадір Қосай, Игорь Вовнянко
  8. Үздік дыбыс режиссеры – Сергей Лобанов («Үнсіздікте»)
  9. Үздік спецэфектілер – Cubic студиясы
  10. Үздік костюмер – Ажар Әубәкірова («Алмас қылыш»)
  11. Үздік суретші – Өмірзақ Шманов («Үнсіздікте»)
  12. Үздік әрлеуші — Лидия Ордынская («Анаға апарар жол»)
  13. Үздік кинотанушы – Нәзира Мұқышева
  14. Үздік қысқаметражды фильм – Берік Жахановтың «Асан» фильмі
Ұлттық "Құлагер" жүлдесі
«Құлагер» ұлттық жүлдесі. Фото: Кинофестивальдің баспасөз қызметі

Қазақстан кинематографистер одағы «Үздік каскадер» атағына жақында дүниеден өткен Қасым Жұмағожинді лайық деп санап, оны бір минут үнсіздікпен еске алды. Жүлдені марқұмның әкесі алып, көпшілікке алғысын білдірді.

Қасым Жұмағожин Nomad Stunts кәсіби каскадерлер тобының мүшесі болды. Ол 3 қараша күні кезекті шоу-бағдарламадан соң қайтыс болды.

Деректі фильм жанры бойынша үздік режиссер ретінде Олег Белялов («Алтынемел»), үздік фильм ретінде Ғазиз Насыров пен Анвара Садықованың «Қазақ биі» еңбегі марапатталды.

Анимация жанры бойынша Тұрдыбек Майдан мен Тілек Төлеуқазының «Мұзбалақ» толықметражды көркем анимациялық фильмі үздік деп танылды. «Анимациядағы үздік режиссер» номинациясы бойынша Рамиль Османов жеңіске жетті. Ал анимацияға қосқан елеулі үлесі үшін Жәкен Дәненов марапатталды. Сонымен бірге үздік дебют номинациясында «Қиян шекте» фильмінің режиссеры Алдияр Байрақымовқа жүлде бұйырды.

Еске салайық, 17 қараша күні Алматыда XIV Шәкен Айманов халықаралық кинофестивалі басталған еді. Фестиваль 21 қарашаға дейін жалғасады. Кинофестивальдің конкурстық бағдарламасы үш жеке бөлімнен тұрады. Бөлімдердің әрқайсысына Шәкен Айманов картиналарының атауы берілген. «Тоғысу» деп аталған бөлімде көрермен әлемдік фильмдерді тамашаласа, «Атамекен» бөлімі түркі халықтарының фильмдеріне арналған. Ал отандық фильмдер «Біз осында тұрамыз» деген бөлімде байқауға қатысады.

Фестиваль күндері Алматыдағы Kinopark 11 (Esentai Mall) және Kinoplexx Sary Arka кинотеатрларында картиналар тегін көрсетіледі. Көрсетілімдер кестесін кинофестиваль сайтынан біле аласыздар.