Бас прокуратура жер телімдерін беру тәртібін бұзған әкімдіктерді анықтады

Бас прокурордың орынбасары Марат Ахметжанов бизнесті қорғау жөніндегі «Кәсіпкерлік саласындағы прокуратура қадағалауы» атты III форумда әкімдіктердің жер телімдерін беру тәртібін жиі бұзатынын айтты.

Қазіргі уақытта біз жер беру мәселелерін тексеріп жатырмыз. Әкімдіктер жер бөлу тәртібін бұзады, түрлі схеманы қолданады, жер алып сататын затқа айналып отыр. Аукциондар мен сауда-саттық жүргізілмейді. Анағұрлым қолайлы жер телімдері нақты бір тұлғаларға беріледі. Басқа кәсіпкерлердің оларды алуға мүмкіндігі болмайды, — деді Марат Ахметжанов.

ҚР Бас прокуроры орынбасарының айтуынша, прокурорлық тексеру кезінде елімізде жер телімдерін байқау өткізусіз және тәртіпті бұза отырып берудің 4 мың жағдайы анықталған.

Көкшетауда қадағалау актісі бойынша мемлекетке бұрын аукционнан тыс ұсынылған 26 коммерциялық учаске қайтарылды. Олар мақсатқа сай қолданылмаған. Қазіргі уақытта осы жерлердің бәрі саудаға шығарылып, адал кәсіпкерлерге оларды алуға мүмкіндік берілді. Ең қызығы, бұл сферадағы өкілетті орган — АШМ Жер ресурстарын басқару комитеті пайдаланылмаған жер телімдерінің саны туралы нақты ақпарат білмейтін болып шықты, — Марат Ахметжанов.

ДереккөзTengrinews.kz