Ерсұлтан Сапар оқушы кезінде мейрамханаларға арнап бағдарламалық қамту жүйесін жасаған. Delphi тілімен жазылған оның бұл жұмысы сол кезде республикалық ғылыми жобалар байқауында 1-орынды жеңіп алды. Бағдарламасының мәні мынадай: мейрамхана клиенттері даяшыны шақырмай-ақ, үстел сенсорымен балмұздаққа, басқа да десертке тапсырыс бере алады. Алматыдағы республикалық физика-математика мектебін «Алтын белгімен» бітірген соң Ерсұлтан Берклидегі Калифорния университетіне компьютер ғылымы мамандығы бойынша оқуға түсті. Ол бізге компьютерге қалай қызыққаны және балаларға геометрия курсын мобильдік қосымша арқылы қалай үйретуге болатынын əңгімелеп берді.

Ерсұлтан Сапар
Ерсұлтан Сапар. Фото жеке архивінен

— Компьютерге әуестік қалай пайда болды?

— Отбасында алты баламыз. ІТ саласына қызығушылық білдірген мен ғанамын. Сегіз жасымда компьютер тілін еркін меңгеріп алғаным сонша, екі жылдан соң алғашқы бағдарламалық жабдықтаманы құрастырдым. Мен үшін бұл үлкен жаңалық болып, сол сəтте болашақта айналысатын ісім де анықталғандай болды. Адам өмірін жақсарту мақсатында жаңа нəрсені құрастырып, пайдамды тигізу туралы күндіз-түні ойландым. YouTube желісінен түрлі бейнесабақты көретін болдым.

5-сыныптан бастап информатика пəнінен ғылыми жобалар байқауына қатыстым. Менің алғашқы жобам — физика пəнінен əртүрлі дереккөзден жинақталған электрондық оқулық. 6-сыныпта мейрамханаларға арналған бағдарламалық жабдықтама құрастырдым. Бұл бағдарламалық жабдықтама жасаудағы алғашқы тəжірибелік жұмысым еді. HTML/CSS бағдарламалық жабдықтамасын əртүрлі курстан, интернеттегі кітаптардан оқыдым. Кейін PHP & MySQL бағдарламалық жабдықтамасына ауыстым. Сайттар мен форумдардың құрастырылуы қызықтырып, 7-сынып оқығанда қонақүйдегі бағдарламаны автоматтандыруды зерттеп, ғылыми жобалар байқауына қатыстым. 8-сыныпта жас ғалымдардың Мəскеуде өткен халықаралық ғылыми-зерттеу конференциясына қатыстым. Ғылыми-зерттеу байқауларынан ылғи жүлделі І орынды еншілейтінмін. Бұл бағытта ғылыми жетекшім Василий Сербиннің еңбегі зор. 9-сыныпта республикалық физика-математика мектебіне оқуға түсіп, өзіме жаңаша əлем аштым. Алгоритм, есептерді шығару, деректемелердің құрылымы мен бағдарламалаудың жаңа бағыты дегендермен сол кезде нақты аныстым. Осыған дейін бағдарламалауды тек интуитив интерфейс пен логика деп түсінсем, физика-математика мектебіне түскеннен кейін бағдарламалаудың математикамен тығыз байланысты екенін түсіндім.

Ерсұлтан Сапар
Ерсұлтан Сапар. Фото жеке архивінен

10-сыныпта стереометриядан қиналдым. Өйткені фигураларды дұрыс елестете алмайтынмын. Үшінші тоқсанда мұғалімім фигураларды ағаш таяқшалар мен пластилиннен құрауға кеңес берді. Куб, пирамида, призма құрастырып, 3D-модельмен есеп шығара бастадым. Тақтада түсіндіргеннен гөрі осылай істеген ұғынықты болады. Фигураның жан-жағынан қарап, ішіне үңіліп, түсіне алатынмын. Өйткені ол шынайы жəне физикалық кеңістігі бар еді. Осындай сабақтардан кейін ғана стереометрияны түсіне бастадым. Күрделі есептерді фигура болмаса да, шығара беретін болдым. Бір жағынан бұл ыңғайсыздық туғызды. Фигураны құрастыру, пластилинді қайта илеу уақыт алады. Визуалдау жағынан қиналатындықтан фигураларды үнемі қалтама салып жүретінмін.

— Өзіңіз қатысқан nFactorial Incubator-2017 байқауы туралы айтсаңыз…

— 11-сыныпта досым nFactorial Incubator-2017 байқауына қатысуға ұсыныс білдірді. Бұл — жазда өтетін мобильдік қосымшалар байқауы. Екеуіміз іріктеу кезеңінен өтіп, мектеп бітіру кешінен соң Астанаға бардық. Алғашқы айда бізге Swit бағдарламасын оқытты. Қатысушылардың Swit бағдарламасы бойынша тəжірибесі бар екен. Біз де тез меңгеріп алдық. Дизайн бойынша бірнеше дəрістен соң əрқайсысы өз қосымшасымен жұмыс істеуді бастап кетті. Learning by doing инкубаторлық оқыту əдістемесі бойынша қатысушылар өздері жоба құрастырды. Барлығы мобильдік қосымша құрастырумен мұрындарынан шаншылып жүрсе, мен қандай қосымша құрастырамын деп ой үстінде жүрдім. Шамамен бір апта өткен соң YouTube желісіндегі роликтерді көргеннен кейін шешім қабылдадым. Стереометриядан есептерді шығаратын мобильдік қосымша жасадым.

— Мобильдік қосымшаның қызметі мен ерекшелігі қандай?

— Фреймворк — бағдарламалық жабдықтаманың құрылымын зерттейтін жүйе, яғни iOS (бұрын ARKit деп аталатын) жақында ғана шыққан бағдарламамен тікелей жұмыс жасауға мүмкіндік береді. Оның құжаттары əлі өңделіп жатса, интернетте бірдей бірнеше нұсқасы бар еді. Сонда да сол бағдарлама маған ұнайтын. Осының бəрі маған голограммамен жұмыс істейтін кейіпкері бар киноны еске түсіретін. Бұл менің 10-сыныпта оқығанда қалтамда жүретін пішіндерді бағдарламалық жүйеде іске асыруға септігін тигізді. Өйткені мектеп оқушыларына стереометрия қиындық тудырса, менің мобильдік қосымшам арқылы бұл пəнге деген қызығушылық оянады. Қосымша өте қарапайым. Іске қосу барысында алдымен тегіс жерді сканерден өткізіп, тақырып бойынша өтіп жүрген үшбұрышты призмадан бастап, цилиндрға дейінгі пішіндерді анықтап бере алады.

Мобильді қосымша
Фото жеке архивінен

Ең алғашқы жəне негізгі функция қима тақырыбынан тұрады. Өйткені стереометрия курсы осы тақырыптан бастау алады. Бірақ қосымша сіз үшін есеп шығарып, пішін салмайды. Оның басты мақсаты — қолданушының ойлау қабілетін жақсарту. Шынайы пішіндерді қолдану арқылы есепті тақтада немесе қағазда шығарғандай əсерде боласыз.

Мобильдік қосымшаны құрастыру үшін екі айдай жұмыс істедім. Менің ісім өзгелерге қарағанда өте баяу орындалды. Өйткені мен пішіндердің суретін салып, есептеп, кодтарын қайта-қайта көшіріп, сапалы қосымша алу үшін көп тер төктім. Маған Swit SceneKit стандартты кітапханасында жоқ пішіндерді салуға тура келді. Барлық пішінді салып болған соң қосымшаны іске қосқанда, бөлмемде куб пен конус пішіндері ұшып жүрді. Оны қалай қалпына келтіруді білмедім. Өте қызық болды. Пішіндерді тегіс үстелдің бетіне қойып бақыладым. Тіпті, оларды əр қырынан қарау үшін еденде еңбектедім. Тақтадағы қосымшаға есептеулерді көшірдім. Бірақ iOS 11 құрылғысындағы мобильдік қосымшаны App Store-ға енгізе алмадым. Өйткені бағдарламалық жабдықтаманың құрылымына сəйкес емес еді. Сонымен қатар мобильдік қосымшама атау қоя алмадым. Demo day-ге бір апта қалғанда, Арман Сүлейменов қосымшаға Platonic AR деген атау ұсынды. Өйткені тетраэдр мен куб «платондық денелер» деп аталады жəне геометрияда Платонның еңбектері орасан. Байқау аясында көпшілікке мобильдік қосымшаны таныстыру үшін арнайы презентация əзірлеу қажет болды. Презентацияға саны көп, сапасы жоқ суреттер қосудың орнына видеодемонстрацияны енгізіп, мəтінін қарапайым тілде жаздым. Байқауға өмірде шынайы іске асырылатын екі бағдарламам қатысып, 1-орынды иелендім. Мұндай жеңісті өзім де күтпедім.

Ерсұлтан Сапар
Ерсұлтан Сапар. Фото жеке архивінен

Қазан айында мобильдік қосымшамды iPad жүйесіне енгіздім. Өзім оқыған физика-математика мектебіне барып, ұстаздарыммен ақылдасып, оқушылармен сабақ та өткіздік. Оқушыларға қызықсыз болып көрінетін пəнге құлшыныс арта түсті. Мен үшін бұл — үлкен қуаныш. Қосымшамды тағы бір мектепте таныстырып, оң пікір естідім. Қазіргі таңда қосымшаны əлемнің жеті елінен 400-ден астам қолданушы жүктеп алыпты. Бүгінде мен фидбэк құрылымын зерттеп жүрмін. Қосымшаның əлі де кемшіліктері болғандықтан, толықтырулар енгізіп жатырмын. Еліміздің бірнеше мектебінде таныстырылымын өткізгім келеді. Болашақта білім беру саласында осындай пəнге қызығушылықты оятатын бағдарламалық жабдықтамалар құрастырамын. Оған қоса, сайт құрастыруды қолға алдым.

— Ақпараттық технологиялар саласындағы әлемге белгілі мамандардан кімдерді үлгі тұтасыз?

— Илон Маскты құрметтеймін. Өйткені ол — инженер ғана емес, бағдарламашы, кəсіпкер жəне өнертапқыш. Оның жұмыс істеуге деген құлшынысы да ұнайды. Ал қазақстандық азаматтардан Арман Сүлейменовті үлгі тұтамын. Ол — ІТ-мамандарды даярлаумен қатар еліміздегі индустрия саласын дамытушылардың бірі. Арман мен оның ұжымының арқасында көп тəжірибе жинадым.

Сұхбаттасқан Назым Сапарова

Пікір қосу

Қалдыратын пікіріңізді осында жазыңыз!
Есіміңізді жазыңыз!