Басты бетЖаңалықтар"7-20-25" бойынша...

«7-20-25» бойынша қарыз алу мүмкіндігін қашықтан бағалауға болады

Жуырда «Баспана» ипотекалық ұйымының базасында «Алдын ала біліктілік» атты жоба іске қосылады. Оның көмегімен Қазақстанның кез келген азаматы «7-20-25» бағдарламасы бойынша қарыз алу үшін онлайн режимде өз мүмкіндігін қашықтан бағалай алады, сөйтіп, банкте қарыз алу уақытын едәуір қысқартады.

Ұлттық банктің баспасөз қызметінің хабарлауынша, бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Данияр Ақышев айтты. Ұлттық банк төрағасының мәліметінше, қазіргі уақытта «7-20-25» бағдарламасы 7 банк арқылы жүзеге асырылып жатыр. 8 қарашадағы жағдай бойынша банктер жалпы сомасы 35 миллиард теңге болатын 2900 өтінімді мақұлдады.

Ұлттық банк халыққа белсенді түсіндіру жұмысын жүргізіп жатыр. Бағдарламаны іске асыру барысы тұрақты түрде республикалық және аймақтық бұқаралық ақпарат құралдарында, әлеуметтік желілерде жария етіледі. Сall-орталық тәулік бойы жұмыс істейді, — деді Данияр Ақышев.

Ұлттық банктің мәліметінше, 9 айда депозиттер 0,8%-ға — 17,6 триллион теңгеге дейін өскен.

Ұлттық валютамен депозиттердің өсуі 1,1% болды. Шетел валютасымен депозиттер 0,5%-ға ұлғайды. Нәтижесінде депозиттерді долларландыру қыркүйектің соңында 47,5% болды, — деді ол.

Данияр Ақышев 1 қазаннан бастап жеке тұлғалардың депозиттері бойынша ең жоғары мөлшерлемелерді анықтау тәсілі өзгергенін еске салды.

Мөлшерлемелер салымның мерзімі және түрлері бойынша жіктеледі. Бұл салымдардың теңгеге одан әрі ауысуына қосымша серпін береді, — деп түсініктеме берді Данияр Ақышев.

Ұлттық банк төрағасының айтуынша, кредиттеу нарығы қалпына келіп жатыр. Биылғы 9 айда жаңа кредиттер беру 25,8%-ға немесе 2 триллолн теңгеге өсті.

Қайта құрылымдаудан өткен және лицензиядан айырылған банктердің кредит портфелін қоспағанда, экономиканы кредиттеудің жылдық өсуі 7%-ға немесе 816,2 триллион теңгеге бағаланады. Кәсіпорындарға теңгемен кредиттер бойынша мөлшерлеме жыл басындағы 13,2%-дан 2018 жылғы қыркүйекте 12,2%-ға дейін төмендеді, — деді Данияр Ақышев.

Оның айтуынша, экономиканың басым секторлары үшін ұзақ мерзімді ресурстар беру міндеті шеңберінде Ұлттық банк Үкіметпен және екінші деңгейдегі банктермен бірлесіп жобаларды қаржыландыру механизмін әзірлеуді аяқтап жатыр. Бұл бағыт 2019 жылы кредиттеудің қосымша өсуін қамтамасыз етеді.