Теңгенің 25 жылдығына туынды арнаған балалар марапатталды

ҚР Ұлттық банкі теңгенің 25 жылдығына орай банкноттар мен монеталардың үздік бейнесіне арналған балалар суреті байқауының жеңімпаздарын марапаттады. Марапаттау рәсіміне байқау қатысушылары, олардың жетекшілері мен ата-аналары қатысты.

Комиссия мүшелерінің айтуынша, конкурсқа қатысқан балалар нумизматика, бонистика, ақша тарихы бойынша білімдерін жетілдіріп, әлемдегі ең әдемі валютаның бірі ретінде танылған теңгенің ерекшеліктерін білді.

12 жастағы жеңімпаздардың бірі Саян Байтеңізовтің монетасы әдемі әрі ерекше болып шыққан.

Фото: ҚР Ұлттық банкінің баспасөз қызметі

Мен монетаны пейп-арт техникасымен жасадым. Бұл — ерекше декорға арналған қағаз майлық техникасы. Біздің монеталарымыз бен банкноттарымыз ұнайды. Олар — әлемдегі ең үздік валюта, — дейді ол.

Сегіз жастағы Ясмина Аманова қазақ халқының тарихы мен салт-дәстүрін зерделегенді
ұнатады.

теңге 25 жыл
Фото: ҚР Ұлттық банкінің баспасөз қызметінен

Өз монетамда отбасылық ошақтың белгісі саналатын шаңырақты салдым. Ал түйе — Ұлы жібек жолының символы. Одан бөлек, халқымызды тұрмысы мен мәдениетін де бейнеледім, — дейді Ясмина.

ҚР Ұлттық банкі төрағасының орынбасары Дина Ғалиеваның айтуынша, байқауға еліміздің барлық өңірінен 700-ден аса жұмыс келіп түсті. Комиссия мүшелеріне жеңімпаздарды анықтау оңайға түспеді. Барлық жұмыс өте әдемі жасалған. Әрқайсысының өзіндік стилі, орындау техникасы бар.

Банкноттар мен монеталардың ең үздік бейнесіне арналған «Теңге балалар көзімен» ашық байқауы осы жылдың 1 қыркүйегі мен 26 қазаны аралығында өтті. Байқаудың негізгі мақсаты — дарынды балаларды анықтап, оларды ынталандырып қана қоймай, жас суретшілердің шығармашылығын дамытып, олардың теңгені қалай көргісі келетінін білу. Байқауға қатысқан балалар 6-10 және 11-14 жас аралығындағылар болып бөлінді. Әр санат бойынша үш жүлделі орын берілді.

Шара барысында балаларға арналған «Ақша тарихы. Теңгемен бірге саяхат» кітабының, республикалық «Ұлан» және «Дружные ребята» газеттерінде және жастарға арналған OYLA ғылыми-танымдық журналында шығатын қаржылық сауаттылық бойынша жаңа жобалардың тұсаукесері болды.