Kaspi bank басшысы туралы жалған ақпарат таратқан адам ұсталды

Ол 35 жастағы Астана тұрғыны болып шықты.

Каспий банк
Фото: Kapital.kz

ҚР ҚК 274-бабы 2-бөлігінде қарастырылған қылмысты жасаған күдіктіні Алматы полиция департаментінің қызметкерлері анықтап, ұстады.

Алматы ІІД баспасөз қызметінің хабарлауынша, Астананың 35 жастағы тұрғыны Kaspi bank басшысы мен оның қызметіне қатысты әлеуметтік желі арқылы жалған хабарлама таратқан. Қазір полиция қызметкерлері тергеудің тиісті шараларын қолға алып, бұл қылмысқа тағы басқа адамдардың қатысы бар-жоғын тексеріп жатыр.

Еске салайық, айдың басында WhatsApp арқылы жас жігіттің “бастықтар” қашып кеткендіктен Kaspi-дегі шоттарын шешіп алуға шақырған дауыстық хабарламасы тараған еді. Ал бұл уақытта компания техникалық жұмыстар жүргізіп жатқандықтан клиенттер біраз уақытқа дейін қосымшаны пайдалана алмады. Кейін Kaspi-дің қызметі қайта қалпына келіп, банктің баспасөз қызметінің басшысы, атқарушы директоры Маржан Елшібаева Facebook парақшасында қолына 1 қарашадағы “Казахстанская правда” газетін ұстаған бастығының суретін жариялаған еді.