Алматыда халықтың діни сауаттылығын арттыру үшін 460-тан астам шара өтті

Алматы қалалық дін істері жөніндегі басқармасының тапсырмасымен «Мониторинг және талдау» орталығы жыл басынан бері қазан айына дейін жоспардың 77%-ын орындап, 463 іс-шара өткізді. Шараға барлығы 87 мың адам қатысты. Ал жоспар бойынша осы жылы 600 іс-шара өткізіп, оған 100 мың адам қатысуы тиіс болған.

Сонымен қатар арнайы ақпараттық түсіндіру тобы да құрылған. Ақпараттық түсіндіру тобы мемлекеттік органдардың діни экстремизмнің алдын алуға және халықтың діни сауаттылығын арттыру мақсатында дәрістер оқиды. Топта теолог, дінтанушы, педагог, философия ғылымының профессоры, заңгер, психолог және тағы басқа мамандардан тұратын 61 адам бар.

Айта кетейік, өткен жылы осы ақпарттық түсіндіру тобының құрамында Жақсылық Үшкемпіров, Ермахан Ыбырайымов, Ислам Байрамуков сияқты спортшылар мен қоғам қайраткері Асылы Осман, саясаттанушы Айдос Сарым, Алматы ІІД экстремизммен күрес басқармасының мамандары, ұстаздар мен мемлекеттік қызметкерлер, саясаткерлермен қоса барлығы 111 адам бар еді.

Ішкі саясат басқармасының «Мониторинг және талдау» орталығының бас маманы Тұрсынғали Әліптің айтуынша, ақпараттық түсіндіру тобы Алматы дін істері жөніндегі басқармасының тапсырысымен мемлекеттің діни саясатын ел арасында дұрыс түсіндіріп жүр.

Қазан айының өзінде Алматының бірнеше мекемесінде 50-ден астам іс-шара өтті. Оқу жылы басталғаннан көбіне білім ошақтарына көңіл аударылды. № 152, 192, 154, 149, 153, 156, 141, 1, 195,6 орта мектеп оқушыларына, бірнеше колледж Бен ЖОО-дағы студенттерге, сонымен қатар мемлекеттік органдарға, сауда орталықтары мен базарларға, қалалық емханалар мен басқа да мекемелерде кездесулер өтіп, діни саладағы мемлекет саясатын, неше түрлі деструктивті ағымдардан сақтану, алдын алу жолдары түсіндірілді, — дейді Тұрсынғали Әліп.

Былтырғы ақпараттық түсіндіру тобының жұмысына қатысты жиналыста Алматы қалалық дін істері жөніндегі басқарманың басшысы Айдар Есенбеков топ туралы қысқаша анықтама берген еді.

Егер сіз бір пәтерде көп адам жиналып, түсініксіз салттар жасайтынынан хабардар болсаңыз және қандай да бір жерде діни түсінбеушілік болып жатқанын естісеңіз, біздің ақпараттық түсіндіру тобына хабарласа аласыз. Топ мүшелері дереу сол жерге барып, қажетті шараларды жүргізеді,- деді Айдар Есенбеков.