ҚР Сыртқы сауда палатасы баспасөз қызметінің хабарлауынша, Шанхайда импорт тауарлар мен қызмет түрлерінің China International Import Expo халықаралық көрмесі өтіп жатыр. Шараға 130 мемлекеттен 2800 компания қатысып отыр. Көрмеде қазақстандық стенд көпті қызықтырып, қатысушыларға еліміздің экспорттық және инвестициялық әлеуеті таныстырылды.
Көрмеге елімізден 302 қазақстандық компания қатысып жатыр. Олар өндіріс, ауыл шаруашылығы, машина жасау, туризм және тағы басқа салалардан келді.
Осы көрмені өткізу арқылы Қытай әлемге өз нарығын таныстырып, басқа мемлекеттерді сауда-саттық қарым-қатынас орнатуға үндеп отыр. Көрме аясында қазақстандық кәсіпкерлердің де қол жеткізген жетістіктері бар. «Кублей» ЖШС (Қазақстан) мен Karamay Yuguanfu Foreign Trade Co Ltd (Қытай) арасында Қытайға 20 мың тонна сиыр мен қой етін экспорттау бойынша келісімшартқа қол қойылды. Сонымен бірге 15 мың тонна бал экспорттау үшін қазақстандық «Пасека» шаруа қожалығы мен қытайлық Xinhongji International Trading Co компаниясы екеуара келісімшартты бекітті.
Қытайдың тұңғыш халықаралық импорт көрмесі шеңберінде қазақстандық компаниялар сауда жөніндегі еуразиялық семинарға да қатысты. Семинарда қазақстандық 10 компания, Қытайдан 100-ден аса компанияның өкілі болды.
Бұл іс-шара аясында ҚР марал шаруашылығы палатасы мен Қытай ауыл шаруашылығын арнайы зерттеу институтының арасында бұғы мен марал өсіру және оның өнімдерін өндіру бойынша келісімге қол қойылды.
Айта кету керек, 2018 жылдың 1 қаңтарындағы мәлімет бойынша Қытай мен Қазақстан арасындағы тауар айналымы 10,5 миллион доллар болды.