Басты бетЖаңалықтарНұрсұлтан Назарбаев:...

Нұрсұлтан Назарбаев: Ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу ісі көңіл көншітпейді

Нұрсұлтан Назарбаев Петропавлға келген соң темір жол автоматикасы, телемеханика, байланыс, қауіпсіздік жүйесі құрылғыларын және мұнай-газ кешені кәсіпорындарына арналған құрал-жабдық шығаратын зауытты аралап көрді.

Мемлекет басшысы Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Құмар Ақсақаловтың өңірдегі әлеуметтік-экономикалық ахуалдың дамуы, индустриялық жобалардың іске асырылуы және жолдау аясындағы тапсырмалардың орындалуы жөніндегі есебін тыңдады. Облыс әкімінің баяндамасынан кейін Қазақстан мен Ресей өңіраралық ынтымақтастығының форумына әзірлік аясында аймақты дамыту бағдарламасының тиімді іске асырылып жатқанын атап өтті.

Петропавлды көркейту мақсатымен көп жұмыс атқарылды. Облыстың экономикалық көрсеткіштері қалыпты. Өсім қарқыны республика бойынша орташа көрсеткіштен жоғары, — деді Елбасы.

Нұрсұлтан Назарбаев өңірде ауыл шаруашылығы саласын дамыту қажет екенін де айтты.

Еліміздегі ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу ісі көңіл көншітерліктей емес. Мен ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігін екі есе көтеру жөнінде міндет қойдым. Бұл облыстарыңызға тікелей қатысты. Қайта өңдеу мен экспортты ілгерілету арқылы ғана өнімділікті арттыруға болады. Сіздер үшін жаңа тұтыну нарықтары ашылды, — деді Президент.

Елбасы тұрғын үй және инфрақұрылым нысандарын салу, әлеуметтік бағдарламаларды іске асыру жұмыстарының нәтижелеріне де тоқталды. Атап айтқанда, 2018 жылы өңірдің 6 мыңнан астам тұрғыны баспанамен қамтамасыз етіліп, 150 мыңнан астам жұмысшының жалақысы көтеріледі, сонымен қатар өңірлік маңызы бар жолдар жөндеуден өткізіледі.

Соңында Нұрсұлтан Назарбаев өңір жұршылығымен кездесті. Облыс тұрғындары әлеуметтік салаға қатысты бағдарламалар қабылдап,  халыққа ұдайы қамқорлық көрсетіп келе жатқаны үшін Мемлекет басшысына алғыс білдірді. Еске салайық, Петропавлда Қазақстан мен Ресей өңіраралық ынтымақтастығының XV форумы басталды, оған Нұрсұлтан Назарбаев пен Владимир Путин қатысады.