20-21 қазан күндері «Қазақстан» Орталық концерт залында Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің ұйымдастырумен Астананың 20 жылдығына арналған «Жыр арқауы — Астана» атты халықаралық ақындар айтысы өтті.
Мақсаты — ғасырдан ғасырға, атадан балаға ұласып келе жатқан асыл мұра — айтыс өнерін кеңінен насихаттап, ұрпақтан-ұрпаққа жеткізу, талантты жастарды өнердің кәусар бұлағынан нәр алғызып, шеберлігін шыңдауға ықпал ету.
Қазақстанның дүниежүзіндегі орны ерекше, өткен жылы қабылданған «Рухани жаңғыру» бағдарламасы рухани байлығымызды әлемге паш етуге зор мүмкіндік берді. Биыл алғаш рет 1 шілдеде еліміздің барша домбырашысы орталық алаңдарға шығып, ұлттық аспабымызды күмбірлетіп күллі халық болып домбыра күнін атап өтсек, түркі елдерінің бесігі атанған Түркістан облыстық мәртебеге ие болып жатыр. Енді міне, бүгін ұлттық өнеріміз — айтысымызды халықаралық деңгейге көтеріп отырмыз. Барша қатысушылар мен қазылар алқасына, ұйымдастырушыларға алғысымды білдіремін, — деді салтанатты жиынды ашқан ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы.
Айтулы жыр додасына Қытай Халық Республикасынан Ұларбек Минатхан, Жәмиға Дәулетқызы, Моңғолиядан Айдос Рашат, Аманжол Қуантқан, Қырғыз елінен Асылбек Маратов, Мундузбек Усупбек Уулу сынды жүлделі жүйріктер келсе, Қазақстанның атынан облыстық және республикалық маңызы бар қалалық айтыстардың жеңімпаздары: Ринат Зайытов, Еркебұлан Қайназаров, Айбек Қалиев, Серік Қойшығұлов, Біржан Байтуов, Рүстем Қайыртай, Мақсат Ақанов, Дидар Қамиев, Мейірбек Сұлтанхан, Әсем Жұмағазина, Мұхтар Ниязов және еліміздің тағы да басқа белгілі айтыскерлері қатысты.
Елорданың 20 жылдығына орай ұйымдастырылған халықаралық айтысқа қатысқан 20 ақынның ішінен ақтық сынға 12 ақын сурылып шықты. Олар: Аспанбек Шұғатаев пен Айбек Қалиев, Рүстем Қайыртай мен Мақсат Ақанов, Серік Қойшығұлов пен Асылбек Маратов, Мейірбек Сұлтанхан мен Шұғайып Сезімхан, Ринат Зайытов пен Айдос Рашат, Мұхтар Ниязов пен Дидар Қамиев.
Айтыскерлерге, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Ұлықбек Есдәулеттің төрағалығымен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жүрсін Ерман, филология ғылымдарының докторы, профессор Дихан Қамзабекұлы, айтыс ақыны Әсия Беркенова, «Айқын» газетінің бас редакторы Нұртөре Жүсіп, Түркиядан тарих ғылымдарының докторы, Мимар Синан көркем өнер университетінің профессоры Әбдуахап Қара, Моңғолиядан белгілі ақын, жазушы Шынай Рахметұлы қызылық етті.
Мерейтойлық «Жыр арқауы — Астана» айтысының жеңімпаздары Ринат Зайытов пен Мұхтар Ниязов теңдей бас жүлде — 7 миллион теңгеге, екінші орынды иеленген Рүстем Ақылбеков пен Мейірбек Сұлтанхан 1,5 миллион теңгеге, үшінші орын үшін Мақсат Аханов, Айбек Қалиев және Серик Қойшығұлов 1 миллион теңгеге ие болды. Ал 500 000 теңгелік жұбаныш сыйлықтары Айдос Рашат, Шұғайып Сезімхан, Асылбек Маратов, Дидар Қамиев пен Аспанбек Шұғатаевқа тағайындалды.
Айнұр Марат