Астананың 20 жылдығы мен ТҮРКСОЙ-дың 25 жылдығына арналған концерт өтті

«Астана Опера» театрының камералық залында Астананың 20 жылдығы және түркі халықтарының өнері мен мәдениетін дамытуға ықпал жасайтын халықаралық ТҮРКСОЙ ұйымының 25 жылдығына арналған концерттік кеш өтті.

Концертте Қазақстан, Өзбекстан, Әзірбайжан, Түркия мен Татарстанның дарынды музыканттары Мәдениет қайраткері, профессор Гүлмира Құттыбадамованың дирижерлық етуімен ТҮРКСОЙ Жастар камералық хорының құрамында өнер көрсетті.

Алғашқы концертіміз 13 қазан күні Қарағандыдан басталған болатын. Әрі қарай 15 қазанда Павлодарда, 16 қазанда Семейде, 17 қазанда Өскеменде, ал бүгін «Астана Опера» театрының сахнасында Қазақстан бойынша өткен гастрольдік сапарымызды қорытындылап, ТҮРКСОЙ Жастар камералық хорының өнерін Астана тұрғындары мен қонақтарына паш етудеміз, —  деді ТҮРКСОЙ ұйымының бас хатшысы Дүйсен Қасейінов.

Фото: «Астана Опера» театрының баспасөз қызметі

Мерекелік кеште ТҮРКСОЙ Жастар камералық хоры қазақ халық әні «Қараторғай»,  Сәкен Сейфуллиннің «Тау ішінде», Бақытжан Байқадамовтың «Су тасушы қыз», қырғыздың Komuzchu және Suygoynum chiksa bolboybu, әзірбайжанның Nə baxırsan, татардың Karasuvnun dort koshesi және Teftilau, түріктің Niksarın Fidanları, Ben giderim Batuma, Ayvanın irisine, түрікменнің «Бибижан», өзбектің «Қилпиллама» және басқа да әндерді орындап, астаналықтардың ықыласына бөленді.

ТҮРКСОЙ Жастар камералық хоры Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Дүйсен Қасейіновтің бастамасымен 2015 жылы құрылған. Ұжымның гастрольдері Азия және Еуропа елдерінде табысты өтіп жатыр. Хор репертуары түркі халықтарының әндерінен, түркі елдері заманауи композиторларының шығармаларынан және батысеуропалық хор музыкасының жауһар туындыларынан тұрады.

Айнұр Марат