«Асыл мұра» футбол лигасы: жеңімпаз мешіт командасы миллион теңгеге ие болды

Алматы қаласының дін істері жөніндегі басқармасының қолдауымен «Асыл мұра» бағдарламасы аясында мешітке келуші жамағат арасындағы футбол лигасының финалы өтті.

Әр ауданның 8 үздік командасы екі топқа бөлініп, ойнады. «А» тобында: «Төле би», «Көк Қайнар», «Әбу-Бәкір» және «Нұрлы», ал, «Б» тобында «Қайрат», «Музаммиль», «Бақыткелді» және «Әли-Мұхаммед» мешіттерінің жамағаты ойын көрсетті.

асыл мұра финал
Фото: Ақпараттық және спорттық хаб

«Нархоз» университетінің стадионында өткен ойынға 200-ге жуық адам қатысты. Жеңімпаздарды Алматы қаласының дін істері жөніндегі басқармасының басшысы Айдар Есенбеков құттықтап, марапаттады.   

Айдар Есенбеков
Фото: Ақпараттық және спорттық хаб

Тартысқа толы болған ойындардың нәтижесінде Медеу ауданындағы «Нұрлы» мешіті жеңіске жетіп, 1 миллион теңге иеленді. Ал екінші және үшінші орындарға Әуезов ауданындағы «Музаммиль» және Жетісу ауданындағы «Әли-Мұхаммед» мешітінің командалары ие болды.

футбол жеңімпаздар
Фото: Ақпараттық және спорттық хаб

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер дипломмен, медальмен, кубокпен, қаржылай және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Барлығы әділ әрі өте қызықты да тартысты өтті. Қала әкімдігі мен осы бағдарламаға алғыс айтамыз. «Асыл мұра» өте қызықты жоба. Қала мен мешіт жамағаттары арасында спортты дамытып жатқаны жақсы бастама. Біз осымен лигаға екінші жыл қатысып жатырмыз, биыл чемпион боламыз деп ойламаған едік. Қуаныштымыз, — дейді «Нұрлы» мешітінің бас имамы.

Айта кетейік, былтыр Алмалы ауданының «Төле би» мешіті осы лиганың чемпионы атанған еді. «Асыл мұра» бағдарламасы Алматыдағы мешітке келуші жамағат арасында бұқаралық спортты дамытуға бағытталған.