Дін тақырыбында жазатын үздік журналистер анықталды

Діни экстремизм мен терроризмді болдырмау жолдары туралы үздік материал дайындаған журналистер марапатталды.

Алматы қаласының дін істері жөніндегі басқармасы дін саласындағы мемлекеттік саясаттың өзекті мәселелерін көтерген, қоғамдағы конфессияаралық келісімнің нығайтылуы мен сақталуына үлес қосқан журналистерді қолдау мақсатында байқау жариялаған еді.

Байқауың қазылар алқасы құрамында әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Журналистика факультетінің деканы Сағатбек Медеубекұлы, Қоғамдық кеңестің мүшесі Құсман Шалабаев, «Журналистика мәселелерін ұлттық зерттеу орталығы» ҚҚ президенті Дәрмен Смайыл, Алматы қаласы дін істері жөніндегі басқармасының басшысы Айдар Есенбеков және қалалық ішкі саясат басқармасының «Мониторинг және талдау» орталығы директорының орынбасары Нұрболат Айекешов болды.

Алматы қаласы дін істері жөніндегі басқармасының басшысы Айдар Есенбековтің айтуынша, байқау осымен екінші рет өткізілген.

Байқауды дін саласындағы өзекті мәселелерді көтеріп жүрген журналистердің мақала, репортаж, ролик, бағдарлама, әлеуметтік желідегі топтары арасында ұйымдастырдық. Мақсат — қоғамда дұрыс түсінік қалыптастырып, діннің атын жамылып жүргендерді әшкерелеу. 9 бас жүлде, 5 ынталандыру жүлдесі болды. Нәтижесінде 56 журналист пен қаламгер қатысып, жалпы саны 100-ден астам жұмыс келіп түсті, — дейді Айдар Есенбеков.

Байқау қорытындысы бойынша «Ең үздік телевизиялық бағдарлама» аталымында 31 телеарнаның журналисі Ирина Советжанқызы, «Мерзімдік басылымдардағы қазақ тіліндегі ең үздік мақала» аталымында «Заң» газетінің тілшісі Түймегүл Ибашева, «Ең белсенді блогер» аталымында «Айқын» газетінің тілшісі Төреғали Тәшенов, «Үздік әлеуметтік бейнеролик» аталымында 31 телеарнаның журналисі Ардақ Камал, «Мерзімді басылымдардағы орыс тіліндегі ең үздік мақала» аталымында «Central Asia Monitor» республикалық қоғамдық-саяси газетінің тілшісі Сауле Исабаева, «Үздік радиобағдарлама» аталымында «Қазақ радиолары» ЖШС «Алматы» студиясының редактор-жүргізушісі Бақытжан Жармұхамбет, «Әлеуметтік желілердегі ең үздік белсенді қоғамдық топ» аталымында «Инстаграм», «Фейсбук», «ВКонтакте» әлеуметтік желілеріндегі «Біз экстремизмге қарсымыз» тобы, «Интернет желісіндегі орыс тіліндегі ең үздік мақала» аталымында «Zakon.kz» интернет басылымының арнайы репортаждар бөлімінің редакторы Торғын Нұрсеитова, «Интернет желісіндегі қазақ тіліндегі ең үздік мақала» аталымында әлеуметтану ғылымдарының магистрі Айсұлу Молдабекова жеңімпаз атанды. Ынталандыру сыйлықтарына «Түркістан» газетінің тілшісі Динара Мыңжасарқызы, «Алматы» телеарнасының «Ақшам алаңы» бағдарламасының жүргізушісі Үмбетәлі Меймеш, «Abai.kz» ақпараттық порталының редакторы Нұргелді Әбдіғаниұлы, «Ахыска» халықаралық газетінің тілшісі Кальбинур Хошназарова, «Асыл арна» телеарнасының «Арнайы репортаж» бағдарламасының жетекшісі Алтынбек Рахымберді ие болды.