Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, дінтану және мәдениеттану кафедрасының профессоры Қарлығаш Борбасова:

Дінтану пәні Қазақстанда қалай оқытылып жатыр?

Елімізде дінтану пәнін оқытуды 1993 жылы профессор Мәдина Үсенованың басшылығымен әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да дінтану кафедрасы алғаш бастаған болатын. Сол жылдары ҚазҰУ-дағы барлық мамандықтың студенттеріне дінтану пәнін оқу міндеттелді. Тіпті, университетті бітіргелі отырған 4-5-курстардың оқу бағдарламаларына дінтану пәні кіргізілді. Барлық мамандық орыс және қазақ тіліндегі ең алғашқы кітап — Мәдина Үсенованың «Дінтану» оқулығымен оқытылды.

Университеттің сол кездегі ректоры Көпжасар Нәрібаев студент жастардың әлеуметтік жағдайын ойлаумен қатар саяси, діни, рухани сауаттылық деңгейін көтеруге ерекше көңіл бөлді.

Жаңадан ашылған кафедраға мені оқытушы ретінде қабылдады. Бұрынғы «Атеизм және еркін ойлау тарихы» пәнінің орнына «Дінтану» пәнін оқыта бастадық. Сол уақытта алғашқы наным-сенімдер формасын адамзат мәдениетінің бір кезеңі ретінде қарастырып, әр ұлттық діндердің ілімін ешқандай сынсыз талқылап, діни әдет-ғұрыптары туралы айтатынбыз. Осыдан 20 жыл бұрын оқытқан студенттерімді кездестіргенде алғаш рет исламның иман шарттарын, кәлиманы біздің кафедраның оқытушыларынан естігенін айтқан болатын. Олар мұсылмандықты ораза ұстау, намаз оқу деп қана түсінген екен. Біз дінтануды зайырлы тұрғыда оқытып, жастардың діни сауатын ашып, діни білімін көтерумен бірге оларды әр діни ілімді философиялық тұрғыдан талдай білуге бағыттаймыз.

Қарлығаш Борбасова
Қарлығаш Борбасова. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Дінтану мамандарын даярлау мәселесі туралы

Кафедрада біртіндеп «Дінтану» мамандығын ашу қолға алынды. Мамандықтың мемлекеттік стандарты бекітілді, мамандық бойынша пәндердің типтік бағдарламалары жасалды. Дінтану бакалаврын даярлаудан кейін магистратура деңгейінде студенттерді қабылдай бастадық. Дінтанушыларды даярлауда Білім Құдайбергеновтің, Мұханмадияр Орынбековтің еңбектерін атап өткенді жөн деп ойлаймын. Отандық дінтанудың бағыт-бағдарының қалай болу керегін жасады. Өкінішке  қарай, ғалым ағаларымыз ортамызда жоқ. Қазір олар біздің классиктерімізге айналып отыр. Олардың еңбектерін қазір шәкірттерімізге ұсынамыз. Әріптес болып жүріп сол кісілерден көп үйрендік. Сол тәжірибенің нәтижесімен бұл кісілердің еңбегі ары қарай жалғасын тапты.

Екі деңгейдегі мамандарды оқулықпен қамтамасыз етуді кафедра ұжымы іске асырды. Бұл кезеңде кафедраның жұмысын профессор Нағима Байтенова басқарған болатын. Қазақ топтарына арнап діндер тарихынан бастап Қазақстандағы жаңа діни ағымдардың ілімі мен қызметіне арналған оқу-әдістемелік құралдар жасалды. Біраз оқулық пен зерттеу аударылды. Әлі де дінтану мамандығын жетілдіру үшін көп жұмыс істеліп жатыр, атқару керек жұмыс әлі де жеткілікті.

Мамандық бойынша докторанттар да дайындап жатырмыз. Олар Қазақстан қоғамындағы дін мәселесіне қатысты жан-жақты ғылыми зерттеулер жүргізіп келеді. Қазір дінтанумен бірге ҚазҰУ базасында исламтану бөлімі ашылды. Бұл салаға кафедра меңгерушісі профессор Айнұр Кұрманәлиева ерекше көңіл бөліп отыр. Кафедраға білікті мамандар жұмылдырылды, шетелдік әріптестермен тәжірибе алмасып, біраз жұмыс істелді.

Қандай адам дінтанушы бола алады?

Орта білімі бар әр адамның дінтанушы болуға мүмкіндігі бар. Әйтсе де, дінтану мамандығына талапкерлер арнайы таңдаумен келгені дұрыс. Сол себепті де мамандыққа қабылдаудың бірінші кезеңі шығармашылық емтиханнан өту арқылы болады. Екінші кезеңде мектеп деңгейіндегі дінтану бойынша емтихан тапсырады. Біз емтихан барысында талапкерлермен барынша ашық түсінісуге тырысамыз. Олардың діни көзқарастарына ғана емес, жалпы дүниетанымы, сыни ойлау ерекшелігіне ден қойылады. Сондықтан да біздің студенттер арасында радикалды діни ағымдарға кету немесе деструктив ағымдардың идеологиясына бой ұсынушылық болған емес. Бұл діни сауаттылықтың болуымен қоса, мамандықтың да ерекшелігіне байланысты деп ойлаймын.

Жастардың әртүрлі діни бағытқа тартылып, зардап шегіп қалатын жағдайлары кездесіп жатады. Себебі неде?

Біріншіден, діни сауатсыздықтың салдары. Ата-аналар баласына діни білім бере алмайды. Олардың көбісі атеист қоғамның өкілі болды. Діни тәрбие беруге өздерінің дін туралы білімі жеткіліксіз болды. Сондықтан рухани ізденістегі жас балалар дін туралы ақпаратты көбіне қолжетімді интернеттен немесе тегін таратылған кітаптар мен журналдардан алды. Мектептерде дінтануды талапқа сай оқыту енді ғана қолға алынып жатыр. Оның өзінде үлкен қалаларда болмаса, шет аудандарда әлі де шешімі табылмаған мәселе жетерлік. Жоғарғы оқу орындарының санаулысында ғана «Дінтану» пәні оқытылады. Тіпті, философия, мәдениеттану сияқты гуманитарлық пәндердің өзі студенттердің таңдауына қойылған. Осының нәтижесінде қоршаған ортадағы әртүрлі діни, саяси, мистикалық, тағы басқа идеологиялардың мазмұны мен мағынасынан хабары жоқ жастарымыз дұрыс жолды таңдауға дәрменсіз болып қалады.

Екіншіден, Қазақстандағы ағымдардың көбі заң жүзінде тіркеліп, миссионерлік қызмет атқарып жатыр. Олардың барлығының сайттарына рұқсат берілген. Неопротестанттық ағымдардың идеялары, былай қарасаңыз, бүкіладамзаттық құндылықтарды дәріптейді. Олар да Құдайға сенуді, адамды сүюге шақырады. Адамдардың бір-біріне құрметі, мейірімі, қамқорлығы сиқты мәселелер өте тартымды жазылады. Сонымен қоса, ағылшын тілін тегін үйрету, әртүрлі би, ән үйрету, спорт түрлеріне жаттықтыру сияқты жарнамалармен жастарды қызықтырады. Осылайша жастар әртүрлі діни ағымның мүшесіне айналады.

Миссионерлік туралы

Миссионерлікпен байланысты көріністерді анықтау мақсатында ғалымдар «прозелитизм» терминін «басқа сенімдегі адамдарды өзінің сенімдеріне табандылықпен кіргізу» деп түсіндіреді. Прозелитизм көптеген діни ағымға тән. Бірақ оның ашық көрінісі жаңа протестанттық ағымдарда кең етек жайғанын байқауға болады. Миссионерлердің көпшілігі өздерінің қызметі барысында белгілі бір мемлекеттің сыртқы саясат бағдарламалары бойынша саналы түрде жұмыс істемейді және саяси үрдістерге қатысамыз деген мақсатты да ұстанбайды. Олардың жұмыстары мен қызметтерінің басты мақсаты — «адамдардың жанын құтқару». Осы мақсатты ұстана отырып, жұмыстарын бір жолға бағыттайды.

Мысалы, жалпыадамзаттық құндылықты дәріптей отырып, «бүкіл жер беті адамзатқа арналған, оған шекара қажет емес» дейді. Нәтижесінде «мемлекетті қорғаудың қажеті жоқ» деген ұғымға алып келеді. «Барлық адамның 12 мүшесі бірдей, барлығы жер бетінде өмір сүруге құқылы. Cондықтан ешқандай бөлінудің, соның ішінде ұлт болып бөлінудің қажеті жоқ» деген идеяларды да алға тартады. Шекара қажет болмаса, ұлттық ерекшелік жоққа шығарылса, мемлекетті мадақтайтын әнұран айтпасақ, мемлекеттік символдарды құрметтеу керек болмаса, мұндай ілімді таратушы ағымдарға қандай баға беруге болады?

Мұның кейбірі — біздің мемлекеттік «Рухани жаңғыру» саясатына толығымен қарама-қайшы идея. Бірақ оларды деструктив деп атай алмаймыз. Олар ашық демонстрацияға шақырып, мемлекетке қарсы шығып жатқан жоқ, ешкімге ашық зорлық көрсетпейді. Бірақ біртіндеп біздің ұлттық бірегейлігімізге, мемлекеттік қауіпсіздігімізге зиян келтірері сөзсіз.

Қарлығаш Борбасова
Қарлығаш Борбасова. Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

Шетелдіктер Қазақстандағы миссионерлерді қамтамасыз ету және әртүрлі жобаны жүзеге асыру үшін көп қаржы жұмсайды. Осы мақсатқа жұмсалған қаражат бірнеше рет еселеніп өндіріп алынады. Мәселен, жаңа протестанттық ағымдарда «десятина» деген заң жұмыс істейді. Бұл заңның негізінде шіркеу мүшелері өзінің бір айлық табысының оннан бір бөлігін шіркеудің қазынасы өткізуге міндеттелген. Бірақ оның мөлшері белгіленгеннен де асып кететін кездері болады. Шіркеуде жүрген адамдардан не себепті белгіленген мөлшерден көп береді деген сауалға жауапты іздестіру барысында шіркеулердің пасторлары адепттерге «Бізге ақша маңызды емес, себебі біз ақшаға сыйынып табынбаймыз. Біз өзіміздің құлшылығымызды тек Әке Құдайға бағыттаймыз және оның мейірімін сезіну керек» деген пікір қалыптастырғанын байқадық. Осыдан «ақша бізге маңызды емес», «тек Құдайдың шапағатына бөленеміз» деген аңқау адамдардың кейде өздеріне немесе балаларына, немерелеріне қажет қаржыны (мысалы, оқуына төленетін, емделуіне жұмсалатын) шіркеуге апарып беретінін және кейбір кездері өздерінің қызметтерінен, тұрғын үйлерінен айырылып жатқанын көруге болады.

Діни ұйымның өз елдерінде таңымалдығын арттыра отырып, адамдар арасында түрлі жоба бойынша қаржы жинау акцияларын ұйымдастырады. Осындай акциялардан жиналған қаржы арқасында миссияның қиналмай өмір сүруіне жол ашады. Батыс елдерінде көбіне діндар адамдар нақты жобаларды көріп, ақшалай жәрдем беруге дайын және осы жағдайды діни ұйымдар оңтайлы пайдаланады. Ал кейбір адамдар үшін ол — жеке басын қаржылай қамтамасыз етудің бірден-бір жолы.

Иегово діни ағымы
©Nur.kz

Миссионерлердің уағызына ілесу себептері

Осы миссионерлердің уағыздарына әртүрлі себепке байланысты адамдар ілеседі. Олардың жалпы ортақ мақсаты болғанымен әрқайсы жеке мүддесін көздегенін байқауға болады. Осыған байланысты шетелдік миссионерлерді қазақстандықтардың тарапынан қолдауы тек рухани негізге байланысты емес. Мысалы, шіркеулерде қызмет істейтін және миссионерлерден қаржылық көмек алатын адамның басқа қаржылық кірісі жоқ болып келеді. Оларға жалғыздықтан арылып, адамдармен сұхбатқа, қарым-қатынасқа мұқтаж адамдар да барады. Көбіне осындай мақсатты тұтқан адамдар — жастары келген, жалғызбасты қариялар мен жастар. Жастарды көбіне тегін шет тілін үйрену, Құдайға құлшылық жасау барысындағы модерн әуені, адамдардың есебінен Корея немесе АҚШ елдеріне қыдырып бару және әскерлік міндеттен құтылу жолы қызықтырады.

Діни ұйымға тыйым салу туралы

Діни ұйымға тыйым салу үшін мемлекеттің заңына қайшы келетін әрекеттер тіркелуі керек. Ол сотқа берілуі керек, сот арқылы дәлелденсе, діни ұйымға тыйым салынады. Мысалы, діни ұйымның бір адамның жеке басына физикалық немесе писихикалық тұрғыдан зиян келтіргені, меншігін тартып алғаны туралы дәлелденсе, сот арқылы ол ұйымға мемлекеттің тыйым салуға толық негізі бар. 2012 жылғы заң бойынша діни ұйымдар өзінің уағызын өзінің орталық шеңберінде ғана жүргізуі керек. Бірақ оны кей ұйым мүшелері ұстанбай, басқа біреулердің есігін қағып, көшеде діни кітабын таратып, уағызын айтқан жағдайлар тіркелді. Мұндай әрекеттерге айыппұл салынады, үш рет осындай жағдай тіркелгеннен кейін аудандық, облыстық деңгейде діни бірлестіктің жұмысы тоқтатылады.

Ислам бағытындағы дәстүрлі емес діни ағымдар туралы мәліметтер қайдан алынады?

Бізде мамандарды даярлауда араб тілін жоғары деңгейде меңгерген, ислам философиясын терең зерттеген мамандарымыз бар. Исламның бағыттарына байланысты докторлар, ғылым кандидаттары жұмыс істейді. Әр маман өз бағыты бойынша терең білім береді. Профессор Нағима Байтенованың «Ислам бағыттары және ағымдары» курсы бар. «Әр бағыттың негізін қалаушы кімдер, қайдан шықты? Оның шығу себебі, соңғы мақсаты не? Ілімі таралғаннан кейін қай елде, қандай жағдай таралды? Нәтижесінде қандай жағдай болды?» деген сияқты дінтанулық сараптамалар жасалады. Жалпы біздің студенттердің теориялық білімі жеткілікті.

Мырзахмет Жүзей
Фото: Айгүл Хожантаева/Baribar.kz

ҚР БҒМ ҒК Философия, саясаттану және дінтану институтының 2-курс докторанты, бірнеше жыл мешітте қызмет еткен имам, дінтанушы Мырзахмет Жүзей:

Алматыға 2000 жылдары келдік. Ол кезде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ студентіміз. Дінтану мамандығында оқып жүрген студенттерді басқа ағымдар сол кезде әдейі бақылайды екен. Сондай жағдайдың бірі басымнан өтті. Бірде университеттен шығып, жолдан такси ұстамақ болдым. Көлік айдаған американ тоқтап, баратын жеріме тегін жеткізіп тастайтынын айтты. Өзін Рақымжанмын деп таныстырып, «Иса Құдай куәгері» екенін мойындады, өздеріне шақырды. Қазақшаны, салт-дәстүрді жетік біледі екен. Айтуынша, жергілікті халықты жақсырақ тану үшін Шымкентте үш жыл өмір сүріпті. Бұл да бір тәсілі екені аңғарылды. Бұдан бөлек, ислам бағытындағы ағымдар да өздеріне тартпақ болып шақырған кездері болды.

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да бакалавр, магистратура, аспирантураны оқыдым. Қазір ҚР БҒМ ҒК Философия, саясаттану және дінтану институтының докторантымын. Оқудан бөлек, өндірістік тәжірибеден  де өттік. Ұстаздарымыздың жөн сілтеуінен деп білемін. Қанша ағым жетекке алмақ болса да, діни сауаттылық позициямыздан ажыратпады. ҚазҰУ-да дінтану мамандығы бойынша жылына 40-50 студент оқу бітіреді. Барлығы 100% жұмысқа орналасады. Қазір барлық қалалық, аудандық басқармаларда дінтану бөлімі бар. Елдегі ахуалдың талабына байланысты дінтанушылар құқық қорғау орындарына да жұмысқа орналасып жатыр.

Қазір осы университетте тәжірибеден өтіп жатырмын. Ұстаздардың беретіні мол, студенттермен, магистранттармен бірге жұмыс істеп жатырмыз. Болашақта дінтанушылар зайырлы қоғамда тәуелсіз маман ретінде де пайдасын тигізеді деген сенімдемін. Өйткені қазіргі әлеуметтік мәселелер нағыз мамандарды талап етіп отыр.