ҚР Үкіметінің 2018 жылдың 26 қазанындағы қаулысымен Үкіметтің 2017 жылдың 29 мамырындағы «Ұлттық пантеон туралы ережені бекіту туралы» қаулысына өзгеріс енді.
Жаңа құжаттың Ұлттық пантеон аумағында жерленуі тиіс тұлғалар санатын анықтайтын тармағы ішінара өзгертілді. Тармақшада мұндай тұлғалар қатарына министрлер, Қазақстан Республикасы Президентіне тікелей бағынышты және есеп беруге міндетті мемлекеттік орган басшылары, облыс, республикалық маңызы бар қалалар мен астана басшылары қосылған.
Пантеон аумағына сонымен бірге Қазақстан Республикасының Президенттері мен олардың отбасы мүшелері, ҚР Үкіметінің басшылары мен оның орынбасарлары, ҚР Парламенті палаталарының төрағалары мен олардың орынбасарлары, ҚР Мемлекеттік хатшылары, ҚР Президенті Әкімшілігінің жетекшілері, ҚР Конституциялық Кеңесінің, ҚР Жоғарғы сотының және ҚР Ұлттық банкінің төрағалары, «Халық қаһарманы», «Қазақстанның Еңбек ері» атақтарын иеленген тұлғалар, «Алтын қыран», «Отан», «Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті — Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев», үшінші дәрежелі «Еңбек даңқы» ордендерінің иегерлері, «Кеңес Одағының батыры», «Социалистік Еңбек ері» атақтарын иеленген азаматтар, «Қазақстанның ғарышкер-ұшқышы» құрметті атағын иеленген азаматтар, Президенттің айрықша шешімімен басқа да тұлғалар, пантеонда жерленген азаматтардың жұбайлары да жерленеді.
Қайтыс болғандарды жерлеуді олардың жұбайларының, жақын туыстарының немесе заңды өкілдерінің бастамасымен облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары ұйымдастырады.
Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары пантеонда сүйекті жерлеу үшін мына шараларды атқарады:
- жерлеу құжаттарын рәсімдеу;
- марқұмды жерлеуге қолданылатын қажетті атрибуттарды ұсыну;
- сүйекті пантеонға жеткізу;
- жерлеу.
Діни жоралғылар мен рәсімдер республика заңнамасына сәйкес іске асырылады. Жерлеу туралы шешім шығаруда марқұмның өсиеті немесе оның жұбайының, жақын туыстарының немесе заңды өкілдерінің тілегі ескеріледі. Пантеонға сүйекті рұқсатсыз жерлеуге, әулеттік сағана қалыптастыруға, қайта жерлеуге тыйым салынады.