Батыс Қазақстан облысында батыр Михаил Абдоловтың 100 жылдығы тойланды

Батыс Қазақстан облысының Ақжайық ауданында Кеңес Одағының Батыры даңқты барлаушы Михаил (Бимағамбет) Абдоловтың 100 жылдығы лайықты аталып өтті.

Даңқты датаға байланысты ұйымдастырылған «Ақжайық марафоны-2018» эстафеталық жаяу жүгіру жарысы аудан орталығынан бастау алды. Марафон эстафетаға қатысуға 250-ге тарта адам тілек білдіріп, олар батырдың туған жері – Жамбыл ауылына дейін 64 шақырымды жүгіріп өтті. Жарыстың қорытындысында Сарытоғай ауылдық округінің командасы жеңіске жетті.

Салтанатты шара батырдың ескерткішіне гүл қою рəсімінен басталды. Жиналған көпшілік алдында аудан әкімі Әділ Жоламанов сұрапыл соғыс жылдарында Отан үшін ерлік көрсеткенін айта келе, келер ұрпақ Михаил Абдоловтай даңқты бабаларын ешқашан ұмытпайтынын жеткізді.

Мерейтой аясында батырдың есімін иеленген мектепте оның өмірінен сыр шертетін құнды жәдігерлер жинақталған мұражай ашылып, белгілі қаламгер Айтқали Нәріковтың Ақжайықтың батыр ұлы жайындағы «Барлаушы» кітабының тұсауы кесілді.

михаил
Фото: БҚО Жастар ресурстық орталығы

Кеңес Одағының Батыры 1918 жылдың 1 мамырында дүниеге келген. Кішкентайынан жасөспірім бақташылық қызметте жүрген ата-анасы Абдол мен Ұлжанға көмекші ретінде еңбекке ерте араласады. Қолына қамшыдан басқа қару ұстап көрмеген балаң жігіт 1938 жылы Қызыл әскер қатарына шақырылып, Отан алдындағы борышын Балтық жағалауында өтейді. Ұлы Отан соғысының алғашқы күнінен бастап жеңістің жылы самалы соққанға дейін майданның алғы шебінде болған ардагердің жолы ерлікке толы. Ол Брянск ормандары арқылы 78-атқыштар дивизиясы құрамында, Мәскеуге жанталасы ұмтылған жау шабуылдарында Можайск тасжолы бойында тойтарыс беруге қатысады. Кейін атақты Панфилов басқарған №316-шы атқыштар дивизиясында соғысқан тұстарында иықтан ауыр жарақат алады. Намыстың беріктігі, емделіп шыққан соң, жеміне қайта шүйліккен қырандайын, фронтқа еселенген күшпен оралады. 3-украин майданы, Орлов қаласы, Венгрия елі – осы жерлерде ақсақалдың ерлік іздері сайрап жатыр.

Ұлы Қазан мерекесінің қарсаңында барлаушылар бөлімшесінің командирі Михаил Абдоловқа Дунай өзенін өту, жағалауды барлау, плацдармды басып алып, ол жерге бекіну туралы тапсырма жүктеледі. Осылайша 1944 жылы 7-қарашада екі балықшы қайығына мінген барлау тобы Дунайдан өтеді. Жауды аңдыған жігіттер тұтқиылдан шабуылдап, немістерді есеңгіретіп, лезде басып алады. Сәтті операция нәтижесінде тұтқынға алынған офицерлер басқыншылардың қорғаныс турасындағы мәліметтерін жайып салып, мәлімет штабқа жеткізіледі. Абдолов Дунай бойында қарсыластардың төрт ұшағын, қару жарақ қоймасын жояды. Тағы бір шайқаста жарақат алады. Бұл оның майдандағы жетінші рет жарақаттануы еді. Кеңестік әскери күш пен техниканы Дунайдан өткізуде көрсеткен ерлігі үшін Абдоловқа Кеңес Одағының Батыры атағы беріледі.

Туған жерге деген сартап сағынышпен оралған батыр бейбіт еңбекке бел шешіп кіріседі. Бітік ауылдық кеңесінің төрағасы, одан кейін тұтыну кооперациясында жауапты жұмыста болды. Батыр Жеңістің 61 жылдығы тойланған 2006 жылдың 9 мамыры күні өмірден өтті.

Ұлы Отан соғысының ардагері
Фото: БҚО Жастар ресурстық орталығы

Жас ақындар батыр аталарының ерлігін жырға қосып, сөз додасы-айтыста ұлықтаса, облысқа танымал өнер ұжымдары, эстрада жұлдыздары өшпес ерлікті әнге қосып, гала-концерт отшашуға ұласты.

Соғыс ардагерінің 100 жылдығы
Фото: БҚО Жастар ресурстық орталығы

Мерейтойдың екінші күні шаралар облыс ақындарының айтысымен басталып, дала қызықтарымен жалғасты. Ауылдың жанына ауданның 18 ауылдық округінің жұртшылығы ақшаңқан киізүйлер тігіп, ас берді. Дүбірлі тойды тамашалауға жиналған ағайын аламан бәйге, тоқ бәйге, қазақ күресі, асық ату, қой көтеру секілді бәсекелерге куә болды. 30 шақырымға созылған аламанда Жаңақала ауданынан келген  «Нұртөбел» атты сәйгүлік топ жарса, тоқ бәйгеде сырымдық «Хантөре» атты тұлпар мәре сызығын бірінші кесті. Көп балуанды жинаған күрес кілемінде Нұрымжан Ғаббасовқа тең келер түйе балуан болмады.

Той аясында болған игіліктің, қошеметтің барлығы — қатерлі жылдарда отан үшін кеудесін от пен оққа тосып, жанқиярлық көрсеткен ардақты ұлға деген құрметтің белгісі.