Алматы автобустары
Фото: Baq.kz

Алматы әкімі Бауыржан Байбек қаланың көлік инфрақұрылымын реконструкциялау қарқынын тексеріп, қалаға жаңадан жеткізілген автобустарды көрді.

Қазіргі кезде BRT желісі бойынша 28 тұғырнамада 68 бекетті павильондар жасақталып, тротуарлар мен веложолдар абаттандырылып жатыр. Айдың соңына дейін Мұстафин және Сүлейменов көшелеріне жарық беретін 115 торшерді монтаждау аяқталады.

BRT автобус желісінде 17 бағыт бойынша 300-ден астам көлік жүреді. Жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының ақпараты бойынша жыл аяғына дейін 18 метрлік автобустар жүретін қосымша бағыт ашу жоспарланған.

Жүргізілген сараптама 12 қыркүйекте BRT желісін іске қосудың арқасында жолаушылар ағыны бір күнде 100 мыңнан 142 мың адамға, яғни өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 40%-ға артатынын көрсетті. “Атакенттен” Қазақ ұлттық университетіне автобус 2,5 минутта жетеді екен, ал бұрын 10 минутқа созылатын, – деді басқарма мамандары.

Тимирязев көшесінің кейбір қиылыстарындағы бағдаршамдар нысандарында жаяу жүргіншілер үшін жеке фазалар қарастырылады. Жол-көлік оқиғасының алдын алу үшін ІІД-мен бірге видеотіркеудің автоматты желісі орнатылатын 10 тораптық нүкте белгіленді.

Алматы әкімі жеке автопарк алған Yutong маркалы жаңа автобустарды да көрді. Ескі жылжымалы көлікке тұрғындар тарапынан көп шағым түсетін, енді №128 бағыт бойынша төмен еденді ұзындығы 12 метр болатын 17 көлік жолаушы тасымалдайды. Бұған қоса, қарашада №72 бағыттағы жылжымалы құрам толық жаңарады.

Жыл аяғына дейін жаңа қоғамдық көліктің үлесін 80%-ға жеткізу жоспарланған.

Айта кетейік, мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев “Цифрлық Қазақстан” бағдарламасында көлік-логистикасын жаңартуды тапсырған еді.

Көлік-логистика саласының одан әрі өсуін қамтамасыз ету үшін көлік құралдарын басқару арқылы транзиттік әлеуетті арттыруды, ақпаратты жедел өңдеу және оңтайлы әрі ұтымды шешімдерді және басқарушылық ықпалдарды әзірлеу арқылы көліктегі қауіпсіздікті күшейтуді қамтамасыз ететін көлік жүйесін енгізуді қарастыру талап етіледі, – делінген Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың 2018-2022 жылдар кезеңінде іске асырылатын “Цифрлық Қазақстан” бағдарламасында.

Біздің Telegram-каналымызға жазылыңыз!