Басты бетЖаңалықтарАстанада мүмкіндігі шектеулі...

Астанада мүмкіндігі шектеулі жандардың ІІ қалалық спартакиадасы басталды

Астана әкімдігінің ұйымдастыруымен «Нұр Отан» партиясының «Кедергісіз келешек» партиялық жобасы аясында өтетін жарыстың ашылу рәсіміне партия Төрағасының Бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев қатысты.

Мәулен Әшімбаев қатысушыларды құттықтап, сәттілік тіледі. Ол спортшылардың осындай жарыстарға қатысуы өздері үшін ғана емес, ата-аналары мен туған-туыстары үшін, жалпы қоғам үшін де үлкен жеңіс екенін айтты.

Соңғы жылдары елімізде осы бағытта ауқымды жұмыстар атқарылып, көптеген игі бастамалар жүзеге асырылып жатыр. Таяуда ғана Елбасымыз өзінің Жолдауында мүмкіндігі шектеулі тұлғаларға арналған кедергісіз орта қалыптастыру жөнінде тағы да нақты тапсырмалар берді. Осыған орай партиямыз «Кедергісіз келешек» жобасын жаңа деңгейге көтеріп, жетілдіруде, — деді партия Төрағасының Бірінші орынбасары.

Оның айтуынша, жобаны жүзеге асыру барысында нақты төрт басымдық анықталды. Біріншіден, мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған кедергісіз орта қалыптастыру. Екіншіден, олардың инклюзивті білім алуларына ықпал ету. Үшіншіден, жұмысқа орналасуларына қолдау көрсету. Төртіншіден, мүмкіндігі шектеулі жандардың қоғамдық-саяси өмірге белсенді қатысуын қамтамасыз ету.

Сайысқа 200-ден астам спортшы қатысуға ниет білдірді. Олар үстел теннисі, тоғызқұмалақ, отырып ойнайтын волейбол, 64 дойбысы, пауэрлифтинг, голбол, бочча және шахматтан сынға түседі.

Спартакиада аясында «Бочча» паралимпиадалық спорт федерациясы ресми түрде ашылды. Бұл спорт тірек қимыл аппараты бұзылған, ДЦП ауруының ең ауыр түріне шалдыққан жандарға спорттық бәсекелерде бақ сынауға мүмкіндік беретін сайыс түрлерінің бірі. Боулинг пен петанка сияқты бочча да доппен ойналатын командалық сайыс. Ол ойыншыларды дәлдікке, ширақтыққа үйретеді.

Жарыс Паралимпиадалық жаттығу орталығында өтті. Бұл спорт кешенінің залдары толықтай мүмкіндігі шектеулі жандарға арналып жабдықталған. Онда әмбебап, бейімделген жаттығу залы, спорт ойындарына арналған бөлек зал және жекпе-жек залы бар.

Қазіргі кезде Астанада 382 мүмкіндігі шектеулі тұлға бейімделген спорт түрлерімен тұрақты түрде айналысады.